2024 жылғы қыркүйекте қазақстандықтар рубльден арыла бастады. Ал доллар мен еуроға сұраныс керісінше өсті. Бұл туралы Ұлттық банктің ҚР ақша айырбастау орындарының қолма-қол шетел валютасын сатуы/сатып алуы бойынша статистикасында жазылған.
Айта кететіні, наурыз айынан бастап ақша айырбастау орындары Ресей рублін сатуға қарағанда, көбірек сатып ала бастады. Тамызда таза сатудың 5,5 млрд теңгеге дейін өсуі байқалды. Ал қыркүйекте қазақстандықтар ақша айырбастау орындарында 239 млн теңгеге «қызыл ақша» айырбастаған болатын.
Долларға сұраныс тамыз айында 53%-ға, бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 37%-ға өсіп, 169,5 млрд теңгеге жетті. Биыл ең қомақты сатылым – 190 млрд теңге қаңтарда тіркелді.
Еуроға сұраныс 140%-ға, 2,9 млрд теңгеге дейін өсті. Бірақ бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 78%-ға төмендеді. 2024 жылғы максималды көрсеткіш – 33,4 млрд теңге сәуірде тіркелді.
Еске сала кетсек, қазақстандықтар 2024 жылғы маусымда рекордтық сомаға рубль сатқан.
Тамызда еуроның таза сатылымы (валютаны сату мен сатып алу арасындағы айырма) 1,2 млрд теңгені құраған еді. Бұл шілдедегі көрсеткіштен номиналды түрде 88%, ал 2023 жылғы тамызбен салыстырғанда 92%-ға аз.