Алматыда 16 жастағы оқушы мопедпен жол апатына түсіп қаза тапты
Алматыда 16 жастағы оқушы мопедпен жол апатына түсіп қаза тапты. Бұл туралы полиция департаменті хабарлады.
Оқиға бүгін, 24 қазан күні таңғы сағат 08:10-да «Алғабас» ықшамауданындағы Доспанов көшесінде болған.
Полицияның мәліметінше, 15 жастағы жасөспірім мопедпен солтүстік бағытта келе жатып, жолда «Шевроле» көлігімен соқтығысқан. Соқтығысу нәтижесінде мопед аударылып, жол жиегіне құлаған. Одан кейін соқтығыс салдарынан жол жиегіне құлаған мопедтің 16 жастағы жолаушысын экскаватор қағып кетті.
Өкінішке қарай, жасөспірім алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Адам өліміне себеп болған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда мопедтер қозғалысын қадағалау күшейтілетіні туралы жазған едік.
3 қазан күні Қасым-Жомарт Тоқаев мопедтерді тіркеуге міндеттейтін заң жобасына қол қойды. Мопед жүргізушілері мемлекеттік баж салығын төлейді. Ал оның мөлшері – 0,25 АЕК-ті құрайды. Көлікті тіркеу үшін өтініш жазып, жеке куәлікті көрсетуі керек.
Бұл заң қол қойылған күннен кйін 60 күн ішінде күшіне енеді. Қазақстандықтар қазір қолданып жүрген мопедтерін 2025 жылдың 3 сәуіріне дейін тіркеп үлгеруі тиіс.