Беларусь президенті Александр Лукашенко 2025 жылғы президенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсынатынын растады. Бұл туралы ол 23 қазан күні ресейлік журналист Ольга Скабееваға берген сұхбатында айтқан.
Айта кетейік, Беларусь елінде президент сайлауы 2025 жылдың 26 қаңтарына белгіленген. Беларусь Конституциясының 80 және 81- баптарына сәйкес, елдің президенті 5 жыл мерзімге сайланады және үміткер 40 жастан асқан, Беларусь азаматы болуы керек. Лукашенко 1994 жылдан бастап елді басқарып келеді.
Беларуссияда соңғы президент сайлауы 2020 жылы өткен болатын. Ол кезде Александр Лукашенко ресми мәлімет бойынша 80% дауыс жинаған еді. Алайда АҚШ, Еуропалық одақ бұл нәтижені мойындаған жоқ. Сол жылы сайлауға Светлана Тихановская да қатысқан. Светлананың күйеуі Сергей Тихоновский оппозициялық саясаткер ретінде танылған. Сондықтан орталық сайлау коммисиясы оның кандитатурасын тіркемеген соң, Светлана президенттік сайлауға өзі түсті.
Еске сала кетейік, тамызда Лукашенко Қазақстан мен басқа да посткеңестік елдерді меңзей отырып, Ресейге қатысты «тұтынушылық көзқарасты ұстанады» деп айыптаған. Лукашенко Ресей мен Беларусьтің бір қайықта отырғанын айтып: «Егер қайық аударылып кетсе, Ресей де, Беларусь те суға батып кетеді. Біз кейбір посткеңестік мемлекеттер сияқты әбігерге түсіп жатқан жоқпыз. Олар Ресейден бірдеңе алғылары келеді, бірақ орнына ештеңе бермейді»,- деген болатын.
Артынша, Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Беларусь Республикасының елшісі Павел Утюпинді шақыртып, ынтымақтас ел тарапына қазіргі геосаяси жағдайға қатысты Астана ұстанымын түсіндірген болатын.