Бишімбаев ісімен танылған прокурорлар мемлекеттік марапат алды

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
Прокурор Аймағанова мемлекеттік марапат алды / фото: бас прокуратура

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың аты шулы ісімен танылған прокурорлар Айжан Аймағанова мен Саяхат Нұрбеков Республика күніне орай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл туралы Қазақстанның Бас прокуратурасы хабарлады.

Марапаттау рәсімі 24 қазанда өткен, онда медальды Бас прокурор Берік Асылов табыстады.

«Ұлттық мереке қарсаңында президенттің жарлығымен бірнеше прокурор заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін марапатталды. Бас прокурордың ұсынуымен Аймағанова Айжан және Нұрбеков Саяхат «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталды», — деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ Бас прокурордың бұйрығымен «қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін» басқа прокуратура қызметкерлері ведомстволық медальдар және алғыс хаттар алды.

Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды. Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын. 

Мамыр айында Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. Экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («қинау») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды

Сондай-ақ оқыңыз