Үкімет тұжырымдамасы. 6 жыл ішінде негізгі капиталға 223,6 трлн теңге инвестиция тартылмақ
Қазақстан Республикасының инвестициялық саясатының 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Оған сәйкес, Үкімет 6 жыл ішінде негізгі капиталға 223,6 трлн теңге инвестиция тартуды көздеп отыр. Құжат Үкіметтің 2024 жылғы 18 қазанында № 868 қаулысымен бекітілген.
Тәуелсіздік алғалы бері елге қанша инвестиция тартылды?
Түсіндірме құжатта Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бастап, ауқымды минерал, мұнай ресурстарын және табиғи газ ресурстарының негізінде елге көптеген шетелдік инвесторды тартқаны жазылған. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының деректері бойынша 1991 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта Қазақстанға құйылған тікелей шетелдік инвестицияның (ТШИ) таза көлемі 166 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл әлемдік ТШИ-дің 0,5 %-ын құрайды екен.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанда негізгі капиталға инвестициялар 2023 жылы 17,6 трлн теңгені құраған. Бұл нақты мәнде 2022 жылғы көрсеткіштен 11,2 %-ға артық екен. Ол жылғы көрсеткіш 15,2 трлн теңге көлемінде болған.
Инвестиция:
- энергетикаға+39 %,
- көлікке және қоймалауға +40 %;
- ақпараттық-коммуникациялық технологияларға 2,3 есе;
- денсаулық сақтауға 51 % тартылған.
2023 жылы инвестиция көлемінің төмендеу себебі неде?
Ал 2023 жылы елге құйылған инвестициялар көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 16,9%-ға дейін азайған.
«ҚРҰБ деректеріне сәйкес, 2013 жылдан 2023 жылға дейін Қазақстан экономикасына ТШИ-дің жалпы құйылуы шамамен 246,9 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде 102,5 млрд АҚШ доллары тау-кен өнеркәсібіне, оның ішінде 83,7 млрд АҚШ доллары мұнай-газ саласына тиесілі. 2023 жылы ТШИ жалпы құйылуы 23,4 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл 2022 жылғы деңгейден 16,9 %-ға аз. ТШИ-дің таза құйылуы 2 есеге – 6,5-тен 3,2 млрд АҚШ долларына дейін төмендеді», – делінген құжатта.
Бұлайша инвестиция көлемінің төмендеуін Үкімет мұнай бағасының төмендеуіне байланысты қазақстандық кәсіпорындардың таза табысының қысқаруымен, сондай-ақ шетелдік инвесторлардың үлесіне тиесілі дивидендтерді төлеуімен түсіндірген.
Инвестиция көлемін арттыруға бағытталған 3 бағыт
Енді Үкімет бұл көрсеткіштерді ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл орайда инвестиция тартудың шикізаттық моделінен бас тарту көзделген.
Тұжырымдамаға сәйкес инвестиция тарту 3 бағыт бойынша жүзеге асырылады.
- Инвестиция тарту экожүйесін одан әрі дамыту
- Институционалдық қаңқаны және инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесу
- Экономиканың инвестициялық әлеуетін ашу
Инвестициялық экожүйені жақсарту үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің функциялары орталық деңгейде нақты регламенттеледі және бөлінеді.
«Инвестиция жөніндегі уәкілетті органға және инвестиция тарту жөніндегі ұлттық компанияға инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тұрақты мониторингтеу және проактивті сүйемелдеу жөніндегі функциялар бекітілетін болады»,- делінген құжатта.
Институционалдық қаңқаны және инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесу үшін ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру шеңберінде инвестициялық саясат қызметінің басым түрлерін ұлттық даму мақсаттарына сәйкес экономиканың басым салаларымен үндестіру жүргізілмек.
Ал экономиканың инвестициялық әлеуетін ашу мақсатында рейтингтік көрсетілетін қызметтер нарығын дамыту және кредиттік тәуекелді бағалауда сараптаманы арттыру, ұжымдық инвестициялар нарығын дамыту және оны ең үздік халықаралық практикаға сәйкестендіру, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасын бағалы қағаздар нарығын қадағалау жөніндегі еуропалық басқарманың стандарттарына сәйкес келтіру көзделген.
Сонымен бірге «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ-ны жергілікті есепке алу орталығынан өңірлік есеп айырысу-есепке алу хабына трансформациялау арқылы жаһандық ойыншылар жергілікті және өңірлік қаржы құралдарына қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік берілмек.
Нәтижесінде…
Осындай жұмыстар нәтижесінде 2029 жылға қарай Үкімет негізгі капиталға кемінде 223,6 трлн теңге инвестиция тартуды көздеп отыр. Оның ішінде тікелей шетел инвестициясының көлемін 150 млрд АҚШ долларына жеткізу жоспарланған.
«Жыл сайын ЖІӨ-ге қатысты кемінде 2 % деңгейінде ТШИ таза құйылуын қамтамасыз ету, экономиканың шикізаттық емес секторларына баса назар аудара отырып, инвестиция легін әртараптандыруды қамтамасыз ету, инвесторлардың инвестициялық ахуалмен қанағаттануының жоғары дәрежесін қалыптастыру (жыл сайын тәуелсіз пікіртерім қорытындысы бойынша 90 %-дан төмен емес), Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны толыққанды іске қосу көзделген»,- делінген құжатта.
Сонымен бірге тұжырымдама негізінде жыл сайын жалпыұлттық пул шеңберінде кемінде 220 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, 120 мың жұмыс орны құрылады.
«Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар осы Тұжырымдамаға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы инвестициялық саясатының 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады»,- делінген құжатта.
Қаулы қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.