Қазандағы Назарбаев көшесінде Абай ескерткіші ашылды
Татарстан астанасы – Қазан қаласының Назарбаев көшесінде қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл жайлы қаланың сыртқы абаттандыру комитеті хабарлады.
Комитеттің хабарлауынша, бұл мүсінді Қазақстан тарапы сыйға тартқан.
«Қазақстанның Абай ауданы, Семей қаласы әкімдігінің сыйлығы Назарбаев көшесіндегі саябаққа қойылды. Қола мүсін авторы семейлік Нұрбол Қалиев«, – делінген хабарламада.
Ескерткіштің биіктігі тұғырымен санағанда 3,5 метрді құрайды. Ақынның бюсті қойылған сквер серуендеуге ыңғайлы болу үшін жарықтандырылып, жаңадан жол салынған. Сонымен бірге жаңа орындықтар қойылып, аумақ толық абаттандырылған.
Бұл Қазақстан жасаған бірінші сыйлық емес. Комитеттің хабарлауынша, осы саябақта 2018 жылы тағы бір ескерткіш қойылған.
«Бұл бюст қазақ халқының Татарстан тұрғындарына жасаған сыйы, мәдениеттер достығы мен бірлестігін бейнелейтін алғашқы сыйлық емес. 2018 жылы осы саябақта Тайқазан пайда болды. Онда «Өркендей бер, Қазан! Шығыс Қазақстан облысынан» деген жазу бар», – делінген хабарламада.
Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Қазандағы Қазақстан елшілігінің өкілдері, Татарстан республикасының жауапты органдарының басшылары қатысқан.