Жаңалықтар

Әшімбаев халықаралық құжаттарда қазақ тіліндегі мәтіннен қате жіберген Сыртқы істер министрлігін сынға алды

Әшімбаев Сыртқы істер министрлігін қазақ тіліндегі құжатта қате жібергені үшін сынға алды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Сыртқы істер министрлігін қазақ тіліндегі құжатты қате дайындағаны үшін сынға алды. Министрлік мемлекеттік тілдегі халықаралық құжатта қате кетуін «ыңғайсыз» жағдай деп атады.

Сенатта «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының  Заңы талқыланды. Жиында депутат Наурызбай Байқадамов 2022 жылы Қазақстан мен Өзбекстан президенттері қол қойған келісімнің кешіктіріліп ратификацияланғанын, жалпы халықаралық құжаттарды ресми қолданысқа енгізу көбінде кешіктіріп жүргізілетінін айтып, оның себебін сұрады.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамед Қонысбаев халықаралық келісімдерді ратификациялау құжаттың қазақ тіліндегі нұсқасында қате шығуына байланысты кешіктіріліп жататынын айтты.

«Аталған келісімді ратификациялауға дайындау барысында қазақ тіліндегі мәтінінде техникалық сипаттағы қателер анықталды. Осыған байланысты өткен уақыттың шеңберінде Сыртқы істер министрлігі анықталған қателерді жою бойынша өзбек тарапымен жұмыстар жүргізді», – деп ақталды вице-министр.

Министрлік өкілінің бұл жауабын Сенат төрағасы сынмен қарсы алды. Әшімбаев халықаралық құжатта қазақ тілінен қате жіберілуін «ыңғайсыз жағдай» деп бағалады. Қазақ тіліне қатысты мәселенің 30 жылдан бері талқыланып келе жатқанын айтты.

«Бұл – бүгін пайда болған проблема емес. Қазақ тілді мәтінде қателер кездесіп жатады. Сіздер оны нотамен қайта құжат жіберіп, түзетіп жатасыздар. 30 жыл бойы осы мәселемен айналысып келеміз. Бүгінгі күні мұндай мәселені парламент қабырғасында айтып отырғанның өзі ыңғайсыз. «Қазақ тіліндегі мәтіннен қате шықты, соны түзедік» деген әңгіме, депутаттардың алдында парламент секілді үлкен алаңда айтылатын әңгіме емес қой», – деді Сенат төрағасы.

Әшімбаев егер 1990-шы жылдардың басы болса, мұндай қателерге түсіністікпен қарауға болатынын атап өтті. Себебі ол кездері мықты тіл мамандары аз болған. Ал қазір жағдай басқа. Сондықтан мұндай қате жіберу үкімет мүшелері үшін үлкен сын. Өйткені қазақ тілі ол кездегі деңгейден әлдеқашан көтерілген. Кәсіби тіл мамандары да жоқ емес. Осыны тілге тиек еткен Сенат басшысы СІМ-ге білікті мамандармен жұмыс жүргізуге кеңес берді.

«Қазақстанда ғылыми еңбектерді аударып жатқан кәсіби, білікті тіл мамандары бар. Осы орайда мынадай сипаттағы мәселелердің қайталана беруі өте ыңғайсыз. Қазақ тіліндегі құжат мәтінінде қате жібереміз де, қол қойылған соң, екінші тарапқа нота жіберіп, түзеп жатамыз. Бұл енді ыңғайсыз емес пе?! Министрлік осы әңгімеден қорытынды шығарып, тиісті мамандармен жұмыс істеп, мұндай қателерді болдырмауға күш салады деп сенеміз», – деп ескертті Әшімбаев.