Жаңалықтар

Депутат қоқысты қайта өңдеу саласының дамуына елдегі заңнамалық нормалар кедергі келтіріп отырғанын айтты

Қазақстанда қоқыс өңдеу көлемін 2030 жылға қарай 40%-ға жеткізу көзделген / Фото: kursiv.media

Қазақстанда қатты қоқыс қалдықтарын өңдеу жұмыстары жолға қойылмаған. Елде қоқысты іріктеу көлемі 25%-ды ғана құрайды. Шындығында көрсеткіштер бұдан да төмен болуы мүмкін. Бұл жайлы премьер министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында сенатор Ернұр Әйткенов айтты.

Депутат елде қатты қалдықтарды басқару жүйесі дұрыс жұмыс істемейтінін атап өтті.

«Шет елдерде қалдықтарды басқару жүйесі барлық кезеңдерді қамтиды. Қоқыс жинаудан бастап, тасымалдау, өңдеу және оны кәдеге жарату процестері түгел қамтылған. Ал Қазақстанда бұл процесс тек қана қалдықтарды шығарумен және полигондарда көмумен шектеледі. Қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату деңгейі 24% ғана құрайды», – деді депутат.

Әйткенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңделетін қалдықтар көлемін арттыруды тапсырғанын, алайда бұл бағыттағы жұмыстардың лайықты деңгейде жүргізілмей жатқанын айтады.

Мәселен, 2030 жылға дейін Қазақстанда халықты қоқыс шығару қызметімен қамту 100%-ға жетуі керек. Ал қоқысты қайта өңдеу көлемі 40%-ға артуы тиіс. Бірақ елдегі заңнамалық нормалар қоқыс өңдеу саласын ынталандырмайды. Депутат кей нормалардың кәсіпкердердің қайта өңделетін шикізатты жинауына теріс әсер ететінін айтады.

«Салық кодексінде қоқыс өңдеумен айналысатындарға артылатын салық жүктемесі жоғары. Бұл факторлар қоқыс өңдеумен айналысатын кәсіпкерлерді ынталандыруда теріс әсер етіп отыр. Нәтижесінде шикізат тапшылығы орнап, қайта өңдеушілер арасында бәсекелестік болмайды. Солайша бұл нарық дами алмай отыр»,  – дейді депутат.

Ал полигондар мәселесіне үкімет ерекше назар аударуы керек деп санайды сенатор. Өйткені қолданыстағы барлық полигонның экологиялық және санитарлық нормаларға сай келуі 20,6%-ды құрайды. Сонымен бірге қоқысты іріктеу мәселесі де жолға қойылмаған. Қазақстанда қатты қалдықтардың 25%-ы ғана іріктеледі. Кейбір сарапшылар бұл көлем тек 5%-ды құрайтынын айтады.

«Қатты қалдықтарды басқаруға қатысты қолданыстағы нормалар қалдықтарды басқару жүйесінің қалыптасуына жағдай жасамайды. Осы орайда үкімет тарапынан жұмыс тобын құрып, тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мәселелері бойынша бірыңғай мемлекеттік саясатын әзірлеуді ұсынамыз», – деді депутат.

Сонымен бірге сенатор бұл салада жүрген кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер қарастырып, мемлекеттік қолдау көрсетуді сұрады.

Ал мына картадан Қазақстанның қатты қалдықтар полигондары туралы ақпаратты көруге болады.