Жаңалықтар

Назарбаев отбасының ең алғашқы шетелдік активі қаншаға бағалануы мүмкін?

Назарбаевтар отбасының ең алғашқы шетелдегі активі анықталды/фото: kstnews.kz

Қазақстанның алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғыш қызы Дариға Назарбаева шетелдегі қымбат жылжымайтын мүліктерін сатып жатқанымен, Мәскеуде аспирант күнінде тұрған – Назарбаевтар отбасының ең алғашқы шетелдегі активі – «арзан» пәтерін бұлдауды жөн санамапты. Өйткені бұл үй Дариға үшін жастық шағы өткен ыстық пәтер болуы мүмкін. Бұл туралы «Выход к морю» телеграм арнасы жазды.

Әрине, Назарбаевтардың шетелдегі жылжымайтын мүліктері аз емес. Әкесі билік басында тұрған кезде Дариға әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі пәтерлер мен хан сарайындай үйлерді сатып салуға жүздеген миллион доллар жұмсаған. Оның біразын сатып үлгерсе, біразы әлі иелігінде.

Дариға Назарбаеваның Мәскеуде алғашқы үйі басқа жылжымайтын мүліктерімен салыстарғанда ең арзаны. Әрі бұл пәтер тегін келген. Мәскеудің Черемушки ауданындағы «Царское село» тұрғын үй алабында, Профсоюзный көшесінде  орналасқан. Бұл алап кеңестік мемлекеттік қызметкерлерге арнап 1983 жылы салына бастапты. Мәскеудің орталығында орналаспағанымен, ауданы жайлы. Мектеп, дүкен, балалар бақшасы, жер асты паркингтері бар.

Балалар бақшасы әлі де Ресей президенті істері басқармасының теңгерімінде. Пәтер 80-ші жылдардың соңында КСРО министрлер кеңесінің мүшесі Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген. Пәтердің ауданы – 66 шаршы метр. Назарбаевтың өзі бұл үйге тек Мәскеуге жолы түскенде соққан. Ол үйде көбіне Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультеті аспирантурасында оқыған кезде Дариға Назарбаева тұрған.

1992 жылы Назарбаевтар отбасы қызметтік пәтерін «заңсыз» жекешелендіріп алғанға ұқсайды. Өйткені бұл пәтерлерді тек қана ресейлік азаматтардың жекешелендіруге құқығы болған. Басқа жылжымайтын мүліктерімен салыстырғанда жұпынылау. Қазір осы үйдегі, екі қабат жоғары тұрған пәтер 300 мың долларға сатылымға қойылыпты.

Бұл отбасының Ресей астанасындағы жалғыз үйі емес. Мәскеуде құны 2,3 млн доллар тұратын басқа да пәтері бар. Ол Поварской көшесінде орналасқан. Ауданы – 305 шаршы метр.

Ұлыбританиядағы жылжымайтын мүліктеріне Дариға бұдан он есе көп қаржы жұмсаған.

Бейкер Стрит кварталындағы Дариғаның үлкен ұлы Нұрәлінің 180 млн доллар болатын жылжымайтын мүлігі бар. Екі жыл бұрын ол бұл автивін 140 млн долларға сатқан. Бұдан бөлек, былтыр Дариға Лондонның Хайгейт ауданындағы 8 млн фунт стерлинг тұратын вилласын да сатты. Ұлыбритания астанасындағы миллиардерлер көшесі – Бишоп авенюден де 39 млн фунт стерлингке үй сатып алған. Челси ауданында тағы да 31 млн фунт стерлинг тұратын үлкен пәтері бар.