Жер сілкінісін алдын ала болжау мүмкін емес – сейсмолог
Қауіп тудырмайтын жер сілкінісі неғұрлым жиі болған сайын, жер қыртысында көп мөлшерде энергия шоғырланбайды. Демек алапат зілзала болу қаупі төмендейді. Бұл туралы Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталық директорының ғылым жөніндегі орынбасары Елизавета Есенжігітова KursivМedia-ға баяндап берді. Оның сөзіне қарағанда, ғылыми тұрғыдан нақты дәлелденбесе де, кейбір ғалымдар жиі ұсақ жер сілкіністері ірі жер сілкінісі болмауына түрткі болуы мүмкін.
Ғылыми орталық болашақ үшін жұмыс істейді
Елизавета Есенжігітованың айтуынша, қазір дүниежүзі сейсмикалық болжам жасаудан бас тартты. Бұған халықаралық тәжірибе түрткі болып отыр. Алпауыт Жапон және Қытай мемлекеттері де сейсмикалық ахуалды бақылап отырса да, болжам жасауға асықпайды.
«Өйткені дәл болжам жасау қазіргі кезеңде мүмкін емес. Себебі әлі де бұл құбылыстың заңдылықтары толық ашылмаған және осы бағыттағы зерттеуді жалғастыруды талап етеді», – дейді сейсмолог. Бұл қиындықтарға қарамастан, еліміздегі ғылыми орталық барлық мәліметтерді өңдеу арқылы орта мерзімді болжам жасауды тоқтатқан жоқ.
Елизавета Есенжігітованың айтуынша, сейсмологиялық институт жұмыстары болашақтың еншісі үшін жасалып жатыр.
«Болашақта біздің материалдарды игеріп, зерттеу арқылы және жасанды интеллекті қолданып, дәл болжам жасауға мүмкіндік туатын шығар. Қазіргі таңда ғалымдар ықтимал ірі жер сілкінісінің ошақтары мен қуатын анықтай алғанымен, дәл уақытын анықтау мүмкін емес. Бұл зерттеулер жалғасып жатыр. Мақсат – болжам жасау емес, тек ғылыми тұрғыдан туындайтын әртүрлі сұрақтарға жауап табу», – дейді маман.
Барлық жер сілкінісіне болжам беру мүмкін емес. Өйткені Орта Азия аймағындағы сейсмикалық қауіпті аймақта тұрғандықтан, елімізде күнде ондаған, ал жылына кейде 10 000-ға жуық жер сілкінісі болуы мүмкін.
Қазақстанда қай жерлер қауіпті?
Еліміздің оңтүстік және оңтүстік шығыс өңірлері сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы, Жетісу облысы, Қытаймен шекаралас аймақ та өте қауіпті. Себебі көршілес елде ірі жер сілкінісі жиі болып тұрады.
«Жер сілкінісінің ошағы біздің аймақта болса, онда оның күші жоғары болады, ал көрші мемлекетте болса, арақашықтық ықпал етеді және бізге жетемін дегенше, күші саябырсиды. Оны адамдар сезеді, қорқыныш болады, бірақ ешқандай қауіп төндірмейді», – дейді орталық директорының орынбасары.
Оның айтуынша, сейсмологиялық зерттеулерге қатты көңіл бөлетін Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономия өңірімен, Қырғызстанмен де ақпарат алмасып тұрады. Жақсы ынтымақтастық орнаған. Маманның сөзіне қарағанда, Алатаудың екі беткейінде орналасқан Бішкек пен Алматының жағдайы бірдей. Шекарада таулы аймақтарда болған жер сілкінісі екі қалаға бірдей сезіледі. Сондықтан екі тарап та ынтымақтастыққа мүдделі.
Мониторинг не үшін керек?
«Ғылыми институт ұзақ уақыт бойы бақылау жүргізіп келеді. Бұл бақылаулар елімізде болып жатқан барлық ұсақ, ірі жер сілкіністерін тіркейді. Сол өңірдің сейсмикалық жағдайын анықтайды. Бұл қауіп-қатерді бағалау үшін қажет. Мониторингтен алынған мәлімет бойынша, ғалымдар қалаға қауіп төндіретін, ғимараттар құлап, адам шығыны болатын ірі, қуатты жер сілкінісі жөнінде орта мерзімді тұжырым жасау үшін де пайдаланады», – дейді Елизавета Есенжігітова.
Десе де уақытын дөп басып айту мүмкін емес. Табиғи апат болғандықтан, олардың заңдылықтары әртүрлі болуы ықтимал. Себебі әр жер сілкінісінің сипаты әртүрлі. Өзінің сценарийі, көрсеткіштері бар. Біріне-бірі ұқсамайды.
Сейсмологтар неге белсенді болып кетті?
Маманның айтуынша, жер сілкінісі көбіне таулы аумақтарда болады. Алматының тұрғылықты тұрғындары жер сілкінісінен қорықпайды. Өйткені бойы үйренген.
«Бірақ Алматыға сырттан көшіп келген адамдар көп. Оларға жер сілкінісі қорқыныш тудырады. Тұрғындар үшін жыл басында болған екі жер сілкінісі үрей тудырса, біз үшін бұл осы өңірге тән қалыпты жағдай», – дейді сейсмолог.
Бұл институт бұрын ғылым министрлігіне қараса, қазір Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағына өткен.
«Жыл басында болған жағдайлардан кейін, халықты тыныштандыруға тырыстық. Меніңше, журналистер көп жазған сайын, бізді көп көрсеткен сайын үрей күшейе түсті. «Бұрын халық алдына көп шықпайтын, көп көріне бермейтін сейсмологтар эфирден түспей қойды, бұл тегін емес-ау» дегендей. Бұл кері әсер туғызып отыр», – деп есептейді Елизавета Есенжігітова.
Қазіргі таңда елімізде жағдай бірқалыпты. Үзіліссіз бақылау жүргізіліп жатыр. Орталық өз жұмысын жалғастыру үстінде.