Банк пен қаржы

Қыркүйек айында ипотекаға сұраныс азайып, тұтынушылық несие алғандар саны артты

Қыркүйекте тұтынушылық несие алғандар саны артты / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қыркүйек айында несие нарығы қалай өзгерді? Бұл жөнінде Data Hub қызықты талдау ұсынды.

Қазақстандықтардың жаз мезгілінде ипотекаға деген сұранысы жиілеген. 2024 жылдың қыркүйек айында баспана алу үшін қаражат алуға өтінім беру қарқыны бәсеңдеді. Тамыздан бергі көрсеткіш 15%-ға құлдырады.

Бұл бағытта несие беру 13,3%-ға, 201,2 млрд теңгеге дейін азайған. 9 айдағы жалпы ипотека көлемі 6 трлн 300 млн теңге болды.

Ал кепілсіз несиенің сегменті ұлғайған. Тамызға қарағанда несиеге деген сұраныс 18%-ға өскен. Осы жерде Data Hub жаздың соңғы айында бұл көрсеткіш орташа мәннен төмен болғанын көрсеткен. Тұтынушылар бас-аяғы 938 млрд теңге рәсімдеген. Бірақ несие тарату үлесі тамыздағы көрсеткіштен аса ерекшеленген жоқ. Соған қарағанда аса көлемді кредит алуға деген ынта азайғаны байқалады.

Шағын қарызды рәсімдеу айтарлықтай құлдыраған. Микрозайм беретін ұйымдарға биыл бір несие көлемін 45 АЕК-тан ( шамамен 166 мың тг) асыруға тыйым салынғаны әсер еткен болуы мүмкін.

«Қыркүйекте жалпы несие беру көлемі 13,2%-ға төмендеп, 34,5 млрд теңгеге дейін жетті. Жылдық деңгейде, инфляцияны есепке алмағанның өзінде, көрсеткіш екі есеге азайды. Қарыз алушылар саны 268,6 мың адамды құрады, бұл 2022 жылдың қаңтарынан бергі ең төменгі көрсеткіш», – деп жазды Data Hub.

Заңды тұлғалар алған кредит көлемі бір айда 31,4%-ға артты. Қыркүйекте 1,7 триллион теңге рәсімдеген. Бірақ осы айда жеке кәсіпкерлер несиеге аса құлшына қойған жоқ. Олардың қатарында кредит алатындардың саны 7% шамасында азайды.