Өз басына бәле тілеп алып, ең қайғылы сценарий құруға құмар адамдардың типі болады. Оларды заманауи тілде «драма куин» немесе Drama queen деп атайды. Яғни мұндай адамдар үнемі трагедияға тап бола береді. Бір қызығы, ол әлгі ауыр жағдайды көбіне өзі ойдан шығарып, түймедейді түйедей еткен болады. Олай болса, драма куин деп кімдерді айтамыз, адам неге драмаға құмартады, ондай өмір салтының қандай зияны бар — осы туралы айтамыз.
Drama queen деп кімді айтады?
«Драма куин» деген сөзбе-сөз аударғанда «драма патшайымы» дегенді білдіреді. Яғни сау басына сақина тілеп, өмірін трагедияға толтыра беретін адам. Мәселен көз алдыңызға елестетіп көріңіз: Күз. Айналада екінің бірі тұмауратып ауырып жүр. Балабақшаға баратын балаңыз да сол қатарда. Бала жүрген жерде вирус қаптайтыны белгілі. Бірақ драма куин типтегілерге бұл — апат. «Енді балабақшаға әкелме дейді. Демек, мен үйде баламен отыруым керек. Жұмыстан сұранамын. Бастық сөйлейді. Ол мені анық жібермейді. Жұмыстан шық дейтін болды. Екі ортада жұмыссыз қаламын. Бала да бір ауырса ұзағынан кетеді. Үйде емдей алмай, ауруханаға жатқызамыз. Ол жақта неше түрлі дәрі егіп, иммунитеті құритын болды. Мен баламен ауруханада жатсам, үйде күйеуіме кім тамақ істеп береді? Ауырдыңдар деп ол сөйлейтін болды» дегендей бітпейтін сценарийді ойша құрастырып алады. Әрі ондай адамдар кез келген мәселе туындағанда «құрғыр-ай, менің ғана басыма келгіш осындай дүниелер. Неге мен сондай болдым екен» деп бастайды.
Негізі сау санамен ойланып қарасақ, бұл жерде айтарлықтай мәселе жоқ. Бірақ драма патшайымдары осылай бүкіл нәрсені үдетіп, ұлғайтқанды жақсы көреді. Психотерапевт әрі антропология докторы Клэр Джек мұндай типтегі адамдардың өмірін құдды «америкалық әткеншекке» ұқсатады. Олардың өмірінде «жақсы», «қалыпты», «тұрақты» деген сынды түсінік жоқ. Драматизаторлардың жай-күйі не тым керемет, не өте нашар ғана болады. Басқа таңдау жоқ. Айтпақшы, Клэр Джек «драма куин» амплуасын әйелдерге ғана емес, еркектерге де тән екенін айтады. Яғни атауы әйелге тән болғанымен, шын мәнінде, мұндай хал еркекте де, әйелде де тең дәрежеде кездеседі деседі.
Бұл пайыммен Техас университетінің зерттеушілері де толықтай келісетінін білдірген. Яғни драматизмге бейімдік гендерге бөлінбейді. Ғалымдар барлық «драма куинге» тән мынадай үш белгі бар дейді:
- Импульсив ашықтық. Мұндай адамдар ойындағысын іште бүгіп қалмайды. Сыртқа лақ еткізіп төгіп салуға құмар. Тіпті оның ой-пікірін ешкім сұрамаса да қыстыра береді.
- Адамдарға манипуляцияға жасауға шебер келеді. Жеке мақсатына жету жолында басқалардың мінез-құлқына әсер етуі мүмкін.
- Өзін құрбан рөлінде көрсете береді. Ондай адамдар барлық жағдайда өзін бейшара көрсетеді. Әлдекімнің кесірінен әділетсіздікке тап болғандай түр танытады.
Одан бөлек, драматизаторлардың бәріне тән тағы бір қасиеттер: іс-әрекеттері шашыраңқы, қызба мінезді, көпшілік алдында өзін көрсетуге құмар. Психологтардың айтуынша, көбіне темпераменті холерик адамдар осы сипаттамаға сәйкес келеді. Өйткені мұндай адамдардың табиғаты сондай шартпа-шұрт мінезді, эмоциясын ұстай алмайды, көпшіліктің назарында болғанды жақсы көреді. Былайша айтқанда, адам алдымен жағдайды өте қатты эмоциямен қабылдайды да, сол эмоцияны айналасына ашық көрсетіп, өзгелердің назарын өзіне аударады. Драмаға құмар адамдар импульсив күйде жиі жүреді. Әрі өз басындағы мәселеге жанындағы тума-туыс, дос-жарандарын да қосып алады. Егер бетпе-бет кездесіп, сөйлесетін адам таппаса, драма куиндер еш қысылмастан виртуал әлемге жайып салып, сол жерде өзінің қандай бақытсыз бейбақ екенін айтып, отыра береді.
«Драма ойнау» деген не?
Америкалық психология қауымдастығы жасаған сөздікте драматизация сөзіне мынадай сипаттама берілген: драматизация дегеніміз — адамның назарын аударудың бір жолы. Мәселен, көпшілік жиналған ортада, туған күн кеші болып жатыр делік. Драма куиндер мұндайда жұрт назарын аудару үшін әдейі тысқары отырып, әлдебір қылықтар жасауы мүмкін. Сөйтіп одан мәселенің мән-жайын сұрап бастаған кезде түймедейді түйедей етіп айтып береді. Мұндайда адам болғасын барлығының басында проблема болатынын есте ұстаған абзал. Әлбетте, күйзелісте жүрген адамның бір ауыз сөзге жылап қалуы сынды қалыпты құбылыстар болатынын да ұмытпау керек. Яғни барлығын бірдей драматизацияға балауға болмайды.
Оған қоса, мына нәрсенің басын ашып алған дұрыс: біреуді түнде ұйқы, күндіз күлкіден айыратын мәселе екінші біреуге тіпті де проблема болмауы мүмкін. Паникалық атака басталып, қол-аяғы дірілдейтіндей деңгейдегі жайтқа әлдекім тіпті міз бақпауы да қалыпты. Сонымен қатар әр жағдайда реакция танытатын орны болады. Бір жерде ол дұрыс болса, бір жерде орынсыз болады. Сондықтан драматизация мен қалыпты уайымның ара-жігін ажырата білу қажет. Бұл өте маңызды.
Айтқандай, драма куиндер шағымдана береді. Кез келген әңгіменің түп-төркінін әлдебір мәселе не жайсыз жағдайға келіп тірейді. Мысалы жай ғана күн қалай өткенін сұрасаңыз, сұрақ қойғаныңызға өкініп кетуіңіз мүмкін. Таң атқаннан басына қара бұлт үйірілгенін сағаттап жырлауға дайын. Мұндай адамдар өмірді өте күрделі әрі қиын көреді. Егер әңгіме барысында басқа адам басындағы мәселесін айта бастаса, бірден құнсыздандырады да, өз проблемасын үдете береді. Ал енді өзінің ойымен біреу келіспесе немесе проблеманың айтарлықтай күрделі емесін айтса, онда ол адаммен айтысуға әзір.
Мәселен драма куин анаға «неге өмірді тым қиындатасың, жеңіл қарасаңшы» десеңіз, онда ол адам қатты ашуланып, қысымы көтеріледі. Олардың ойынша, бүкіл әлем оларды аяп, мәселесін қабылдауға тиіс. Әрі «ондай жағдайда өмір сүріп жүрген сен мықты екенсің, екінің бірі бұлай шыдай алмайды» дегендей мақтау күтеді. Себебі драма ханшайымдарына ешкім көмектеспейді, айналаның бәрі оған қарсы, бәрі жау, күйеуі де оңбаған, жолы болмағыр, ата-анасы да бала кезде мейірім бермеген, жолына кезіккеннің бәрі алаяқ-мыс.
Мұндай адамдар қатесін өлсе мойындамайды. Оны бәрі мұқият тыңдап, айтқанымен келісіп, бас изеп отыра берсе дейді. Сосын ең маңыздысы — өзін басқалардың аяғанын қалап тұрады. Әңгіме ауаны басқа жаққа ауыса бастаса болса, аяқ-асты бұлқан-талқан болады. Кейде мұны шайпау мінез деп те жатады. Яғни өз сөзінің қате екенін білсе не аргументке қарсы келе алмай қалса, шабуылды бастап кетеді. Жүрегі ауырып, қан қысымы көтеріліп, соның бәріне қарсы тарапты кінәлайды. Ақыр соңында жедел-жәрдем шақыртып, рөлге кіріп, өмірмен қоштасып ойнатып кетуі мүмкін.
Адамдар неге драманы тілеп алады?
Техас университетінің ғалымдары былай дейді: жүрген жерден драма тауып алып, соны көрсетуге құмар болу — адамның бір мінезі. Яғни темпераменттегі ерекшелік десе болады. Көбіне Drama queen-дерде нейротизм көрсеткіштері өте жоғары болады. Бұл — психика сипаттамаларының ішіндегі негізгілерінің бірі. Нейротизмі жоғары адамдар эмоциялық тұрғыда тұрақсыз келеді. Яғни сезімдері өте жылдам ауысады. Эмоция интенсиві де жоғары, сондықтан бақылауда ұстай алмайды. Мысалы дүкенге кіріп, шоколад алу үшін жер тепкілеп жылайтын балаларды елестетіңізші. Бір қарағанда дәл сол сәтте тәттіні алып бермесе, өмір осы жерден бітетіндей, бұдан кейін бақытты болмайтындай «өнер» көрсетеді. Яғни драма ойнайды. Екінші жағынан осылай ету арқылы бала манипуляция жасауы да ғажап емес. Қалағанын алу үшін істейтін амалы іспеттес. Шоколадты ала алмағанын ойласа, тіпті түңіліп, бәрін төңкеруге даяр. Соған қарағанда оның сол сәттегі драмасы ойын емес, шынайы деп те қаламыз. Драма куиндердің жағдайы да соған қатты ұқсас.
Себептеріне келсек, мұны әртүрлі сараптауға болады. Біріншіден, драманы басына тілеп ала беретін себебі — адам негізі ештеңеге мұқтаж емес, ештеңе іздемеуі мүмкін. Бар болғаны басынан өтіп жатқан жағдайды тым ауыр әрі жүрегіне жақын қабылдайды. Бұдан бөлек, кей адамдар көңіл бөлсін деген оймен әдейі бір ұсақ-түйектерді ұмытып кеткенін бетіне басады. Ондай жағдайлар жұптар арасында жиі кездеседі. «Жұмысқа беріліп кеттің, маған көңіл бөлмейсің, мені жақсы көрмейсің» дегендей айыптаулар айтылады. Осылай жасау арқылы назар, махаббат не көмек алуға дағдыланады. Кейде адамдар ондай қылығын әбден әдетке айналғандықтан істейді. Болмаса, бала кезде ересектерден көрген үлгі ретінде сіңіріп алып, сақтап қалған болады.
Жалпы алғанда драматизация — өмірі мен қызметін маңызды етіп көрсетудің жолы. Яғни неғұрлым қиналып жасаған сайын ол мақтауға лайық, көп күшті қажет ететіндей көрінеді. Кейде драма куиндік қасиет әлдебір бұзылыстың себебінен болуы да мүмкін. Десе де, мұндай диагнозды тек психиатр маман қоя алады. Ол үшін диагностикалық сұхбат жүргізіледі. Яғни драма куиннің бәрін бірдей психикалық бұзылысы бар деп айтуға болмайды.
Қандай қаупі бар?
Егер адам өзі ойдан құрап алған қиындықтарды жеңгеннен рахат алып, айналасындағылардың басын қатырмайтын болса, онда еш қауіп жоқ деуге болады. Бірақ егер бұл қасиеті басқалардың өміріне кедергі жасайтын болса, онда ойлану керек.
Драма куин адамдар дені сау қатынас құрудан қиналады. Өйткені қит етіп ұрысса болды екіге кетуге дайын тұрады. Ойша бір сценарийлер құрастырып ала береді. Мұндай дүние жұбыңызға ұнай бермеуі мүмкін. Өйткені адамды қатты шаршатып жібереді.