Жаңалықтар

Тоқаев БРИКС саммитінде Ресей-Украина арасындағы қақтығысқа қатысты ұстанымын білдірді

Президент Таяу Шығыстағы ахуалдың салдарын да атады / Коллаж: архив kursiv.media 

Қазақстан Украинадағы қақтығысты реттеуде Қытай мен Бразилия ұсынған бейбіт жоспарды қолдайды. Мұндай мәлімдемені Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында өткен саммиттің аутрич/БРИКС+ пленарлық отырысында айтты.

Мемлекет басшысы Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс салдарынан адам шығыны мен гуманитарлық апат орын алғанын ашып айтты.

«Қазақстан Қытай мен Бразилияның Украина бойынша бейбіт жоспарын қолдайды. Біздің еліміз БРИКС-ке мүше мемлекеттердің Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына алаңдаушылық білдіргеніне қосылады, бұл адам шығыны мен гуманитарлық апатқа әкеп соқты. Кедейлік, теңсіздік және білімнің жетіспеушілігі сияқты қақтығыстардың негізгі себептерін бірлесіп шешу, біздің ойымызша, халықаралық саяси ынтымақтастықты нығайтудың негізгі факторы болып қала береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еліміз Қытайдың халықаралық тұрақтылықты сақтау, егемендікті қорғау, көпжақты тәсілдерді қолдану және қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге бағытталған жаһандық қауіпсіздік бастамасын қолдайтынын мәлімдеді. Сонымен бірге бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерінде оңтүстік елдердің де үні естілуі керек екенін назарға алды.

«Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды және оны Африка, Латын Америкасы және Азиядан жаңа мүшелермен кеңейтуді қолдайды. Ғаламдық Оңтүстік елдерінің дауыстары бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін шешуде маңызды рөл атқаруы тиіс. БРИКС бұл үдерісте негізгі рөл атқара отырып, орташа державалар мен дамушы экономикалардың жаһандық басқару құрылымындағы өкілдігін күшейте алады. Қазақстан БРИКС-ті жаһандық прогрестің қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастырады», – деді мемлекет басшысы.

Ал Ресей президенті Владимир Путиннің БРИКС жұмысына Қазақстанның белсенді араласатынына үміті зор.

«Құрметті Президент мырза, сіз БРИКС-тің дамуына назар аударып, оған жоғары баға бердіңіз, сондай-ақ, елдеріңіздегі сауда айналымының 50%-ы БРИКС елдеріне тиесілі екенін атап өттіңіз. Бұл біздің өзара іс-қимылымыздың нақты маңызды құрамдас бөлігі. Әрине, логистика да маңызды. Біз мұны түсінеміз және оған үлкен мән береміз. Біз бірлескен жұмысымызға белсенді қатысады деп үміттенеміз», – деді Путин БРИКС+/аутрич форматындағы БРИКС саммитінің қорытынды отырысында.

Айта кетейік,  22-24 қазан күндері Қазан қаласында БРИКС-ке мүше елдердің саммиті өтіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруымен БРИКС-ке мүше мемлекеттер басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына жұмыс сапарымен барды.

Жалпы БРИКС (BRICS) құрамында 9 мемлекет бар. Атап айтсақ, Бразилия, Ресей, Үндістан, ҚХР, Оңтүстік Африка, БАӘ, Иран, Египет және Эфиопия. Ұйым 2006 жылы маусымда құрылған.