Жаңалықтар

Сенатор Қожаев Қызылордада оқушы қызды жыныстық құлдықта ұстаған күдіктілердің соты жабық режимде өтетінін айтты

Қылмыстық істе 11 күдікті бар, оның бесеуі кәмелет жасына толмаған / Фото: архив kursiv.media

Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Марат Қожаев Қызылордадағы 16 жасар қыздың жыныстық құлдыққа болу оқиғасына қатысты түсініктеме берді. Сенатор бұл іске қатысты сот отырысы жабық режимде өтетінін мәлімдеді. Сондай-ақ оңтүстік өңірлерде және жалпы Қазақстанда айтарлықтай өршіп тұрған қылмыстар жоқ екенін айтады.

Қожаев өзі ІІМ орынбасары болған уақытта, айғақтар  расталып, дәлелдер болған жағдайда, кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылғанын айтты. Сонымен бірге ол сотта қоғамдық резонанстан гөрі процессуалдық дәлелдер негізге алынатын атап өтті.

«Мен 30 жылдық тәжірибесі бар тергеушімін және мұндай оқиғалар тәжіриібемде өте көп болды. Қоғамдық резонанссыз-ақ әділ шешімдер мен үкімдер қабылданған.  Осындай қылмыс жасаған адамдар жауапкершілікке тартылды. Біздің түзету мекемелерінде қоғамдық резонанссыз-ақ сотталған қылмыскерлердің саны айтарлықтай көп», – деді Қожаев сенат кулуарында.

Сенатордың айтуынша, бұл іс кәмелетке толмағандардың қатысуымен байланысты болғандықтан, олардың мүдделерін қорғау үшін сот жабық режимде өтеді.

Сондай-ақ журналистер қоғамда кінәлілер тиісті жазадан құтылып кетпей ме деген алаңдаушылық барын айтты. Ал Қожаев аталған мәселені өршітіп отырған бұқаралық ақпарат құралдары екенін айтады. Сөзінше, қоғам құқық қорғау органдарына толықтай сенім артады.

«Қоғамда қорқыныш жоқ. Бұл жағдайды сіздер, ақпараттық ресурстар, өршітіп отырсыздар. Менің ойымша, халықтың басым бөлігі еліміздің құқықтық жүйесіне сенеді», – деді ол.

БАҚ өкілдерінің «Қазақстанның оңтүстігінде қылмыс өршіп тұр ма?» деген сауалына да жауап берді.

«Елімізде өршіп тұрған қылмыс жоқ. Сіздер көшеде емін-еркін жүріп, қоғамдық орындарға баруға мүмкіндігіңіз бар», – деді ол.

Еске салсақ, тамыз айында Қызылорда облысында 16 жастағы қыздың сыныптастары оны 8 ай құлдықта ұстап, жезөкшелікке салған жайлы ақпарат тарап, қоғамда резонанс туындаған еді. ІІМ жыныстық құлдыққа түскен оқушының ісі бойынша 11 күдікті барын хабарлады. Оның бесеуі кәмелет жасына толмаған. Қазір Қызылорда облысының Полиция департаменті кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.