Автокөлікті қалай таңдаймыз? – көлік сатып алғысы кеп жүргендерге арналған негізгі кеңестер

Жарияланды 25 Қазан 2024 17:29

(жаңартылды 27 Қазан 2024 18:13)
Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Фото: kursiv.media

Автокөлік таңдау – көлік сатып алуға бекінген кез келген адам үшін өте маңызды қадам. Автокөлік иесі үшін жай ғана тасымал құралы емес, уақыт өте сенімді серігі, күнделікті өмірінің бір бөлшегі де болып кетеді. Сондықтан мәселе көлік таңдауға келгенде бағасынан бастап, шанағына, қозғалтқышына дейін және өзге де бірнеше негізгі факторды негізге алу керек. Бүгінгі материалымызда көлік таңдау процесін жеңілдететін бірнеше кеңес береміз.

Көлік шанағын таңдағанда нені ескеру керек?

Көлік таңдағанда ең әуелі өзіңіз қалайтын, сізге ыңғайлы болатын шанақты таңдап алу қажет. Темір тұлпарыңыздың ыңғайлы, сыйымды болуы да, бағасының қандай болатыны да әуелі осы шанағына байланысты. Заманауи нарықта көлік шанағының бірнеше негізгі түрі бар. Әрқайсының өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері де бар.

Седан

Седан – классикалық шанақ үлгісі, бұл көліктер қала жағдайында айдауға жақсы келеді. Седан көліктер жүргізушіге де, жолаушыға да жайлы саналады. Жүксалғышы әдетте көлік салонынан ажыратылған болады. Мұның өзі шудан оқшаулау жүйесін жақсартып, жайлылықты арттыра түседі. Алайда седанның жүксалғышы өзге шанақ көліктерге қарағанда біршама тарлау болады.

Хэтчбек

Хэтчбек шанақты көліктері ықшам әрі жинақы келеді, артқы есігі жоғары қарай ашылады әрі осылайша оның жүксалғыш бөлігі кеңдеу болады. Мұндай көліктер қалада айдауға керемет нұсқа, әсіресе, тар жерлерге көлікті қалай қоюямын деп қиналмайсыз. Хэтчбек үлгіні көбіне жас жүргізушілер мен шағын отбасылар таңдайды. Артқы орындықтары жиналатын болғандықтан, бұл көліктер азды-көп жүкті тасымалдауға да қолайлы.

Кроссовер немесе жол талғамайтын көліктер (джип)

Кроссоверлер мен жол талғамайтын шанақ үлгілері белсенді демалысты жақсы көретін, қолы қалт еткенде қала сыртына кетіп демалғанды жақсы көретін жандарға арналған. Кроссоверлер мен жол талғамайтын көліктер жоғары жолайрық саңылауының арқасында жолға төзімдірек келеді. Олар нашар жолда жүреді, бірақ жанармайды үнемдеу қиындау болуы мүмкін. Бұған қоса мұндай көліктер көбіне үлкен әрі ауыр болады, сондықтан мұндай көлікті кептелісі көп, көшелері тар қалаларда екінің бірі айдай алмайды.

Универсал

Универсал шанақты көліктер отбасылы адамдар мен жиі үлкен үлкен жүк таситын адамдарға таптырмас нұсқа. Мұндай көліктердің жүксалғышы кең, артқы орындықтарын жинап, одан әрі кең етуге болады. Универсал шанақ көліктер седанға қарағанда, көп шаруаға жарайды. Алайда сырт көрінісі көп адамға ұнай бермеуі мүмкін. Бұған қоса тұраққа қойғанда да көбірек орын алады.

Көлік шанағын өз қалауларыңыз бен қажеттіліктеріңізді ескере отырып таңдаңыз. Сізге көліктің жинақы, ықшам болғаны маңызды болса, көлікті маневр жасауға икемді болғанын қаласаңыз, хэтчбек туралы ойланғаныңыз абзал. Отбасыңызбен жиі саяхатқа шығуды, табиғат аясында демалғанды жақсы көрсеңіз, кроссовер немесе жол талғамайтын джип көліктер сіз үшін ең оңтайлы шешім болары анық.

Беріліс қорабын қалай таңдау қажет?

Беріліс қорабы – кез келген көліктің ең маңызды бөлігі, ол көлік айдаудың қолайлы болуына, жылдамдығына әрі үнемділігіне әсер етеді. Нарықта беріліс қорабының негізгі үш түрі ұсынылған: механикалық, автомат және робот түрі.

Механикалық беріліс қорабы. Мұндай классикалық үлгідегі беріліс қорабы орнатылған көліктің жүргізушісі берілістерді өзі ауыстырып отыруы керек. Мұндай қорап болса, жүргізуші жылдамдықты да, көлікті де өзі бақылайды. Бұған қоса мұндай көліктер әдетте арзандау болады әрі жанармай шығыны жағынан үнемдірек шығады. Алайда механикалық көлік жүргізуші өте мұқият әрі тәжірибелі болуы керек.

Автоматты беріліс қорабы. Автоматты беріліс қорабы жүргізуші жұмысын, жалпы көлік айдауды біршама жеңілдетеді. Себебі мұндай көліктің берілістері автоматты түрде ауысып отырады. Бұл көлік айдауды енді үйреніп жүргендер мен қала ішіндегі кептелісте көп тұратын адамдарға керемет жеңілдік. Дегенмен автоматты беріліс қорабы бар көліктер сәл қымбаттау болады әрі жанармайды көбірек жеуі мүмкін.

Роботталған беріліс қорабы. Бұл – механика мен автомат қораптың қосындысынан жасалған гибрид шешім. Роботталған беріліс қораптары жүргізушіге автомат және механика режимдеріне ауысып отыруға мүмкіндік береді. Бұл көлікті бақылап отырғысы келетін, бірақ қолайлы жағдайдан да бас тартқысы келмейтін жүргізушілер ұнататын нұсқа. 

Беріліс қорабын таңдағанда көлікті не үшін пайдаланатыңызды ескерген жөн. Қала ішінде көп жүретін болсаңыз, кептелісте көп тұратын болсаңыз, жолда бірнеше рет тоқтап, қайта жүруді талап ететін бағдаршам көп болса, автомат қорап сіз үшін қолайлырақ болады. Ал алыс сапарлар үшін кереметі – механика. Себебі ол жанармайды тиімді жұмсауға мүмкіндік береді.

Жетек түрін қалай таңдаймыз?

Көлік жетегі қай дөңгелектің жетекші дөңгелек болатынын шешеді. Бұл көліктің жолдағы хәліне тікелей әсер етеді. Нарықта алдыңғы, артқы және толық деген үш түрлі жетек үлгісі бар.

Алдыңғы жетек. Бұл – жетектің ең көп тараған түрі. Алдыңғы жетек орнатылғанда тартылыс күші алдыңғы дөңгелекке өтеді. Алдыңғы жетек тайғақ жолда, бұрылыстарда көлікті басқаруды оңтайлы етеді, сондықтан да жетектің осы түрі қалалық және отбасылы жүргізушілер арасында аса танымал. Алдыңғы жетек орнатылған көлік айдау әлдеқайда үнемдірек.

Артқы жетек. Артқы жетек көбіне спорттық және қуатты көліктерде кездеседі. Ол екпінді үдетуді жеңілдетіп, жоғары жылдамдықты көліктің берік болуына әсер етеді. Алайда артқы жетекті көліктерді тайғақ жолда басқару қиындау, сондықтан олар жауын-шашынды немесе жолы нашар өңірлерде аса танымал емес.

Толық жетек (4WD немесе AWD). Толық жетек нашар жолдарға, қиын жолдарға таптырмас нұсқа. Толық жетек жүйесі көлік қуатын төрт дөңгелекке тең бөледі. Мұндай жетек көбіне жол талғамайтын көліктер мен кроссоверлерде кездеседі. Себебі бұл жетектің арқасында көлік лай, батпақ, қар не топырақ талғамай, қиналмай жүре береді. Алайда толық жетек көліктің салмағын ауырлатады, мұндай көліктің бағасы да қымбаттау болады және жанармай шығыны да көп.

Жетек таңдағанда көлікті көбіне қандай жағдайда айдайтыныңызды ескергеніңіз жөн. Қала ішінде айдауға, жақсы төселген асфальтпен жүруге алдыңғы жетек ең дұрыс шешім болады, ал табиғат аясына немесе ауа райы құбылмалы өңірлерге жиі баратын болсаңыз, толық жетек алған жөн.

Қандай қозғалтқыш таңдаған дұрыс?

Қозғалтқыш – көлігіңіздің «жүрегі», оның қандай екеніне көп нәрсе  тәуелді. Көліктің жүрісі де, үнемділігі де осы қозғалтқышқа байланысты. Қазіргі автокөліктерде бензин қозғалтқыштары, дизель, электрлі және гибрид қозғалтқыштар кездеседі. 

Бензин қозғалтқыштар. Бұл – ең көп тараған қозғалтқыш түрі. Ол жоғары қуаттылығымен және қолжетімділігімен ерекшеленеді. Бензин арқылы жүретін көліктер тезірек екпін алып, жайлы жүреді. Алайда оларды қызмет етуі жанармайды көп жағатыны үшін салыстырмалы түрде қымбаттау шығуы мүмкін.

Дизель қозғалтқыштар. Дизель қозғалтқыштар болса, әлдеқайда үнемдірек әрі ол алыс сапарға көп шығатын жүргізушілерге жарайды. Алайда дизель қозғалтқышқа да арнайы май қажет және қызмет көрсету жағы қымбаттау болуы мүмкін. Бұған қоса бұл қозғалтқыш түрі аса экологиялық зарарсыз шешім емес.

Электрқозғалтқыштар. Электрқозғалтқыштардың күн өткен сайын танымалдығы артып келеді. Себебі олар әлдеқайда үнемі әрі экологияға зарары аз. Олар отын-майды қажет етпейді, тыныш жұмыс істейді әрі ауаға зиянды заттар шығармайды. Алайда электромобиль сатып алу қымбат болуы мүмкін, ал қуаттау станциялары сияқты инфрақұрылым әзірге толық дами қоймады. Сондықтан кішігірім қала тұрғындары үшін бұл нұсқа әзірге тиімсіздеу болып тұр.

Гибрид жүйелер. Гибрид қозғалтқыштар, аты айтып тұрғандай, іштен жану қозғалтқышы мен электрлі мотор қосындысынан туған жүйе. Бұл қозғалтқыш отын-майды үнемдеп, шығарынды үлесін азайтуға көмектеседі. Гибридтер – жанармайды үнемдегісі келетін, алайда әлі де толық электромобильге көшуге дайын емес жүргізушілер үшін өте ұтымды шешім.

Ал қозғалтқыш таңдағанда қалауларыңызбен қатар, жүргізу стиліңізге де мән беріңіз. Қалада ұқыпты айдайтын жүргізуші болсаңыз, бензин немесе гибрид қозғалтқышқа көз салсаңыз болады. Алыс сапарларға, үлкен трассаларға дизельді автокөлік таңдағаныңыз жөн.

Жиынтықтауды қалай таңдаймыз?

Сатып алған көлігіңізде қандай қосымша қызметтері мен опциялары болары оның жиынтықтауына байланысты. Көліктің жайлылығы, қауіпсіздігі мен технологиялық деңгейі де жиынтықтаудың қандай екеніне байланысты.

Қауіпсіздік. Қазіргі көліктерге түрлі қауіпсіздік жүйесі орнатылады. Оған қауіпсіздік жастықшасын, тұрақтылық жүйесін, антибұғаттау жүйесін, шұғыл тоқтау кезіндегі көмек жүйесін жатқызуға болады. Кейбір модельдерде бейімделетін круиз-бақылау сияқты және автоматты тоқтау, өлі аймақтарды мониторнгілеу сияқты жүргізушінің көмекшілері де бар.

Жайлылық. Климат бақылау, орындықтарды жылытқыш, электржетек, сенсорлық экраны бар, навигация орнатылған мультимедиалық жүйелер сияқты артықшылықтың бәрін көлік жайлылығының негізгі элементтері қатарына жатқызамыз. Сонымен қатар көлік салоны қалай бөлінгеніне де назар аударсаңыз болады.

Көлік жүргізушінің шығыны қандай болады?

Көлік алу — тек сатып алумен бітетін шаруа емес, оны жүргізу үшін де үнемі шығын шығарып отыруыңыз қажет болады. Негізгі шығындарды бірнеше бөлікке бөлуге болады:

Отын – бензинге немесе дизель отынына кететін шығынның қандай болатыны қозғалтқыштың қуатына, жүргізушінің көлік айдау стиліне және көліктің қанша айдалған, осыған дейін қанша шақырым жүргеніне байланысты.

Техникалық қызмет көрсету —жүйелі түрде техникалық бақылаудан өтіп отыру, көліктің майын, фильтрлерін ауыстырып отыру және өзге де материалдарды бақылаудан өткізіп, ауыстыру — көлікті күтіп ұстаудың негізгі шарттары. 

Сақтандыру – көлікті сақтандыру да міндетті шаралардың бірі. Бұл темір болғандықтан, артық шығынның алдын алу үшін көлігіңізді алдын ала сақтандырудан өткізіп, уақыты өтіп кетпеуін де бақылап отыруыңыз керек.

Салық және алымдар – көлік салығының қанша болатыны, бұл тұрғыдағы шығын мөлшері көлігіңіздің қозғалтқышыының қуатына және көліктің тіркелген жеріне байланысты өзгереді.

Жөндеу жұмыстары – үнемі күтіп ұстасаңыз да, уақыт өткен соң көлік бөлшектерін ауыстыруға немесе капиталды жөндеу жасауға тура келуі мүмкін. Мұны да болашақ шығын тізіміне жазып қоюға болады.

Көлік таңдау, түсінгеніңіздей, көпқырлы процесс. Шешім қабылдамас бұрын көп нәрсені: шанағының қандай болатынынан бастап, жетегін таңдап, оны айдап жүргендегі шығын қандай боларына дейінгі ескеру қажет. Сонымен қатар тек көліктің бағасына емес, оның сипаттамасына да мән беру керек. Барлық артықшылығы мен кемшілігін таразыға салып, сізге көп жыл қызмет ететін көлікті саналы түрде таңдағаныңыз жөн. Жоғарыда жазылған кеңестердің бәрі сізге салмақты сауда- саттықты жеңілдетуге көмектесеріне сенеміз.

Сондай-ақ оқыңыз