Жаңалықтар

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады

Блинкен Араб елдеріне
Энтони Блинкен Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады/ фото: kursiv.media архивінен

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады. Блинкен АҚШ Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

«Америка Құрама Штаттары Үкіметінің атынан Қазақстан халқын 25 қазанда атап өтетін Республика күнімен құттықтаймын. АҚШ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестігінде көрсетілгендей Америка Құрама Штаттары Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтыны жөніндегі ұстанымына берік күйінде қала береді», – деп жазылған хабарламада.

Мемлекеттік хатшы екіжақты қарым-қатынас одан әрі нығая түсетінін айтты. Экономикалық салаларды жандандыру назардан тыс қалмайды.

«Біз соңғы үш онжылдықтағы халықтарымыздың арасында қалыптасқан мызғымас достық пен ынтымақтастықты мақтан тұтамыз. Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі ретінде АҚШ  іскерлік байланыстарды кеңейтуге, екіжақты инвестициялық байланысты одан әрі нығайтуға және өзара әл-ауқатын арттыруға ұмтылады», – деді Энтони Блинкен.

Оған қоса Қазақстанмен бірге атқаратын іс-шаралар адамзат игілігіне арналатынын атап өтті. Саясаткердің сөзінше, бейбіт мақсатта халықаралық мүдделерді жүзеге асырудың маңызы зор.

«Біз бейбітшілікті сақтау және ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімді нығайту, білім беру және мәдениет саласында тәжірибе алмасуды қолдау, энергетикалық қауіпсіздік пен таза қуат көзін пайдалануды арттыру, метан шығарындыларын азайту және адам құқықтарын қорғау үшін бірлесіп жұмыс істей береміз», – деді АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы.

АҚШ өкілі жаһандық сын-қатерге төтеп берудің нақты қадамдары күтіп тұрғанын баяндады.

«Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 33 жыл толуына орай мен өзімнің ыстық ықыласымды білдіремін және біз жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін болашақта да ынтымақтастық аясын кеңейтуді асыға күтеміз», – деді Энтони Джон Блинкен.