Жаңалықтар

Прокуратура отставкадағы генерал-майор Павел Новиков компаниясына тиесілі жерді мемлекетке қайтару үшін сотқа арыз жолдады

Алматы облысының прокуратурасы генерал-майор Новиковтың компаниясын сотқа берді/ фото: Wikimedia commons, Freepik

Алматы облысының прокуратурасы Алматы қаласының маңынан жер сатып алған отставкадағы генерал-майор Павел Новиковтың компаниясын сотқа берді.

«Азаттық радиосының» жазуынша, «Халықаралық ассоциациялар клубы» Павел Новиковқа тиесілі. Компания 2004 жылы 834 гектар учаскені 25 млн теңгеге сатып алған.

Прокуратура жер телімінің белгілі бір бөлігін қайтару жөніндегі істі сотқа 10 қазанда жолдаған. 23 қазан күні полковниктің меншігіндегі «Бағанашыл» спорт кешенінің 20 шақты қызметкері прокуратура талабына қарсы екенін айтып, Қазақстан Президентінен көмек сұрап, әлеуметтік желіде  бейне үндеу жариялаған еді.  Олар осы жерде Алматы апортын өсіретінін, оны Қазақстан бойынша таратынын айтқан.  

Генерал Новиков компаниясы шұрайлы жердің 100 гектарына бау-бақша өсіріп отыр. Қалған бөлігі бос жатыр. 2023 жылдың жаз айында прокуратура жер телімін тексергендерін, бірақ заңбұзушылық таппағандарын дәлелдеді.

74 жастағы генерал-майордың бұдан басқа учаскелерді иеленгені мәлім болды. Алматы облысының экономикалық соты Қарасай ауданындағы 30 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде шешім шығарды. Бұл «Халықаралық ассоциациялар клубының» 832 гектар учаскесінен бөлек жер телімі. Алматы прокуратурасы компания учаскені Қарасай әкімдігінен сатып алғанымен, кадастр құнымен 1,1 млн теңгені төлемегенін анықтады.

Новиков Қорғаныс министрлігінің Спорт комитетінде жұмыс істеген. Қазақстан теннис федерациясын, Ұлттық олимпиада комитетін, ҚР жеңіл атлетика федерациясын басқарған. 2008-2015 жылдары Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімовтың кеңесшісі қызметін атқарды.