Қырғызстанның гимн мәтіні қайтадан жазылады. Бұл жайында Парламент спикері Нұрланбек Шәкиев хабарлады. Спикер Қарақырғыз автономиялық облысының 100 жылдығы мен мемлекет қайраткері Иманалы Айдарбековтің 140 жылдығына арналған шарада жаңа әнұран қабылданатынын айтты.
«Қазіргі әнұранды біз Кеңес Одағынан алғаш шыққан кезде қабылдадық. Қазір біз аяғын басып, дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетпіз. Сондықтан әнұранды өзгертуіміз керек. Бәрі де осы әнді айтатындай болуы керек», – дейді Нұрланбек Шәкиев.
Қырғыз Республикасының мемлекеттік әнұраны 1992 жылы 18 желтоқсанда Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен бекітілген. Бастапқыда ол үш шумақ пен хордан тұрды, бірақ 2012 жылғы 27 желтоқсандағы Жогорку Кенештің қаулысымен екінші шумақ алынып тасталды.
Жапаровтың баспасөз қызметі бұдан халықтың алаңдауына негіз жоқ деп есептейді. Композиторлар мен ақындар арасында жария түрде байқау ұйымдастырылып, ең үздік туынды таңдап алынады.
Қазақстанда гимн 2006 жылы өзгертілді. Оның авторларының бірі – экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаев.