Ұлттық мереке – Республика күніне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын құттықтады.
«Қазақстанның егеменді ел екенін әйгілейтін ұлық мейрам – сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің қайта жаңғыруының символы. Ұлттық мереке халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді», – деді Президент.
Тоқаев осы жолы да Әділетті Қазақстанды тілге тиек етіп, елді бірлікті сақтауға шақырды.
«Біз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында аса күрделі сын-қатерлерді еңсеріп, ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып келеміз. Қоғамдағы заң мен тәртіп, азаматтардың еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігі қазіргі реформалардың берік тірегіне әрі қозғаушы күшіне айналды. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасай береміз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы әр азамат өз міндетіне жауапкершілікпен қараса, болашаққа деген сенім нығая түсетінін айтты.
Республика күніне арналған іс-шаралар легі Ақорда алдында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімінен басталды. Одан кейін Астанадан бөлек, басқа қалаларда, облыстарда салтанатты түрде Ту көтеру шарасы жүзеге асты.