Жаңалықтар

Қазақстан-Қытай шекарасында биометриялық жеке сәйкестендіру қолданылады

Қазақстан-Қытай шекарасында биометриялық жеке сәйкестендіру қолданылады/ коллаж: kursiv.media

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан-Қытай шекарасында биометриялық сәйкестендіру қолданылатынын айтты. Бұл тәсіл ұзын-сонар кезектің қалыптаспауы және бронь мәселесі үшін қажет. Осы құралды қолдануға Қытай тарапы келісім берген.

«Манипуляциямен күресу мақсатында CarGoRuqsat қызметіне биометриялық жеке сәйкестендіруді енгізу туралы шешім қабылданды. Осы құрал пайдаланушының тіркелген кезде жүйеге енгізген құжаттарындағы фотосуреті мен адамның бет-бейнесін салыстырады. Бұл тасымалдаушылардың өздері рұқсат бермеген және электронды кезек барысында пайда табу үшін орын тапшылығын туғызатын делдалдардың қызмет аясын қысқартады», – деп түсіндірді комитеттің баспасөз қызметі.

Заң аясында жұмыс істейтін делдалдарға цифрлық «сенімхат» беріледі. Бұл жүйе цифрлы ізді қадағалауға мүмкіндік береді. Осы ретте «Мемлекеттік несие бюросы» АҚ-ның деректер базасымен бақылау қызметін интеграциялау нақты нәтиже көрсетуге ықпал етеді.

Кезек тәртібін сақтауда заңбұзушылық көп. Мәселен, 1,5 мыңға жуық көліктің өткізу пунктіне келмегені немесе бір айда броньның артық берілгені анықталды. Енді жүйені пайдаланушы заң бұзса, оның шотынан айыппұл сомасы бірден шегеріледі.

«Пайдаланушы брондаудан айына 10 реттен артық бас тартқан жағдайда немесе бақылау-өткізу пунктіне келмесе – жүйе меншік иесінің немесе баланс ұстаушының шотынан бюджетке 100 АЕК мөлшерінде ерікті өтемақыны автоматты түрде есептен шығарады», – делінген комитет сайтында.

Электронды жүйеде барлық операция анық көрінеді. Сол арқылы кезек бойынша кедергіні жою, деректердің дәлдігін талдау көзделген.

Айта кетейік, Қазақстанда биометрия дерегін құжатқа енгізу мәселесі бұған дейін кеңінен талқыланды. Ресей шекарадан өтетін шетелдіктерді биометриялық сәйкестендіруден өткізуді қолға алмақ.