Жаңалықтар

Талғар ауданында изолятордан қашқан күдікті Тереңқара ауылы маңынан ұсталды

Адам зорлады деген күдікті Тереңқара ауылы маңынан табылды/ фото: kursiv.mediа архивінен

Талғар ауданында уақытша ұстау абақтысынан қашып кеткен күдікті ұсталды. Алматы облысының полиция департаментінің қызметкерлері Бекарыс Қалмырзаевты туған ауылы – Тереңқараның маңынан тапқан. Оған дейін «Дабыл» жоспары бойынша жолдарға блок-бекеттер қойылып, оны іздестіруге күштік құрылымдар дереу кіріскен еді.

Облыстық ПД баспасөз қызметі Қалмырзаевты іздеуге тұрғындар арасынан еріктілер және ТЖД жасағы қатысқанын атап өтті. Оның ізіне иісшіл ит түскен. Ұсталған кезінде күдіктінің үстінде түрме киімі болған.

Күдіктіге зорлау бабы бойынша айып тағылған. Енді абақтыдан қашуына байланысты тағы бір бап бойынша іс қозғалады. Оның изолятордан қалай шығып кеткеніне байланысты қызметтік тексеру жүргізілетіні хабарланған еді. Талғар ауданында қылмыстық оқиғалар толастар емес. 4 қазанда дүкендегі жанжал кезінде жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды. Осы оқиғадан кейін құқық қорғау органдарындағы лауазымды қызметкерлер жұмысынан босатылды.