Президенттерден жеделхаттар келуде: Республика күні кімдер құттықтады?
Ұлттық мерекеге байланысты Ақордаға өзге мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар жеделхаттар жолдады.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин халықаралық аренада Қазақстанның беделі жоғары екенін атап өтті.
– Екі ел арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі ілгерілету және ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру үшін Сізбен күш-жігер біріктіруге дайынмын, – деп лебіз білдірді ҚХР басшысы.
РФ Президенті Владимир Путин Мәскеу мен Астана байланысы нығая түсетінін айтты.
– Бірлескен күш-жігеріміз арқылы халықтарымыздың игілігі және Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағытын одан әрі жандандыра түсетінімізге сенімдімін, – деп жазды Владимир Путин.
Америка Құрама Штаттарының Президенті Джозеф Байден екі ел БҰҰ қағидаттары бойынша стратегиялық тұрғыда дамуға көңіл бөлетіні туралы айтқан.
– Аталған қағидаттарды берік ұстанған Қазақстанмен қауіпсіздік, экономика және экология мәселелерін шешу жолындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделіміз, – делінген Джозеф Байден хатында.
Франция Президенті Эмманюэль Макрон біраз салада жобаларды бірге атқаратынына сенім білдірді.
– Біз түрлі құрылымдар аясындағы байланысымызды бекітіп, серіктестігіміздің көкжиегін кеңейте түсеміз деп үміттенемін, – деп жазған Франция Президенті.
Тоқаевтың атына Еуропа елдері, Түркі мемлекеттерінің басшылары жеделхаттар жолдаған.
25 қазанда АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады. Ол АҚШ үкіметі Астанамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтінін мәлімеді.