Қазақстандағы көрікті жерлер: туристерге арналған гайд

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

Қазақстан — табиғаты таңғажайып елдердің бірі. Керек десеңіз, шөл дала да, асқар тау да, өзен-көл мен жартас-жыра да табылады. Оған қоса, жылдың төрт мезгілі де сәнімен айналып келіп отырады. Кейінгі жылдары елімізге табан тіреп, әсем жерлерін тамашалауға келетін турист саны да артып келеді. Олай болса, ең әдемі әрі ерекше локациялар топтамасын назарыңызға ұсынамыз.

Табиғаты таңғажайып мекендер

  • Шарын шатқалы. Алматыдан шамамен үш сағаттық жерде орналасқан. Америкадағы атақты Гранд-каньоннан кем түспейді. Ел арасында Шарынды сол әйгілі шатқалдың бауыры деп те атайды. Жер бетіне адам баласының табаны тимей тұрып бірнеше миллион жыл бұрын пайда болған деседі. Каньонның орнында үлкен көл болған екен. Уақыт өте келе көлдің суы тартылып, таудан аққан Шарын өзені тастың арасынан жол салып, шатқал түзілген дейді. Қазіргі таңда Шарын шатқалы Қазақстандағы must visit жерлердің біріне айналды. Өзіңіз көлікпен барсаңыз да болады. Оған қоса, жергілікті туристік компаниялар арнайы турлар да ұйымдастырады. 
  • Айғайқұм. Құпияға толы, таңғажайып локациялардың бірі. Бұл да Алматы маңында орналасқан. Қызғылт құмды жер — Алтын-емелдің інжу-маржаны саналады. Осыдан он мың жылға жуық уақыт бұрын түзілген деседі. Екі таудың ортасында орналасқандықтан, мұрты бұзылмай, жылжымай тұр. «Поющий бархан» немесе «Айғайқұм» деген атауы бекер емес. Расында құмнан құдды ән салғандай әуен естіледі. Бірнеше шақырым жерден-ақ құлаққа сазы келе бастайды. Ел арасында бұл таңғажайып дыбысқа қатысты түрлі аңыз бар. Ал ғылыми тұрғыдан қарастырғанда, таза кварц құмнан түзілген тау болғандықтан, құрғақ құм жел соққанда жылжып, ондағы миллион ұсақ құм түйіршіктері үйкеліп, әуезді дыбыс шығарады екен. Айғайқұмға жол түссе, міндетті түрде шыңына шығып көріңіз. Көз алдыңызда керемет көрініс пайда болады. Әсіресе, Қапшағайды сол жақтан тамашалағанның әсері ерекше. Айтқандай, Айғайқұм Алтын-емел ұлттық саябағының аумағында орналасқан. Сол себепті кіретін кезде міндетті түрде рұқсат алуыңыз керек. Десе де, рәсімдеу аса қиын емес. Ауа райына келсек, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған суығында бармаған жөн. Одан гөрі көктем не күзде барған жақсырақ.    
  • Қайыңды көлі. Көркіне көз тоймайтын жер деп осы көлді айтса болатын шығар. Пейзажы өте ерекше. Алматыдан 300 шақырымдай жерде орналасқан. Жолға шамамен 5 сағаттай уақыт кетеді. Қайыңдыға турмен барған абзалырақ. Әйтсе де, жол талғамайтын көлігіңіз болса, өзіңіз де бара аласыз. Саты ауылына жақын. «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында орналасқан. Туристер Қайыңды көлінің көркін тамашалауға арнайы барады. 1911 жылы Кемин жер сілкінісінен кейін пайда болған. Өзен бөгеліп, соның салдарынан алқап суға толған. Сөйтіп сол жердегі қылқан жапырақты орманды су басқан. Басында шыршалар су астына толық батып қалған. Кейіннен су азайған соң төбесі көріне бастаған. Ең алдымен, туристер көлді тамашалауға келеді. Жыл — он екі ай бара берсеңіз болады. Көлді де, Күнгей Алатау жоталарының көрінісін де тамашалай аласыз. Әсіресе, әлеуметтік желідегі парақшаларыңызға салатын ерекше фото-видеоларды да көптеп түсіруге мүмкіндік бар. Айтпақшы, тоғанда суға түсуге болмайды. Сонымен бірге көл бетіндегі мұздың үстінде коньки тебуге рұқсат жоқ. 
  • Қоңыр Әулие үңгірі. Қазіргі Абай облысына қарасты Абай ауданында, Тоқтамыс ауылының маңында орналасқан. Тылсымға толы, керемет көріністерімен танымал локация. Мұхтар Әуезов «Абай жолында» осы өңір туралы егжей-тегжей жазған. Ақтас тауындағы шатқалда орналасқан үңгір. Мұндағы судың да емдік қасиеті құр ел аузындағы сөз емес, ғылыми тұрғыда да дәлелденген. Өйткені құрамы кремний сияқты минералдарға бай. Үңгірдің ұзындығы — 150 метр. Мұнда үш көл жасырынған деседі. Үшіншісі жан баласына белгісіз, әлі құпия. Жалпы әлі толық зерттеліп бітпеген жер болғандықтан, мұнда тылсым мол. Үңгір шамдармен, баспалдақтармен жабдықталған. Өздігіңізбен барамын десеңіз, Семейден Қарауылға дейін 200 километрдей жол жүресіз. Одан әрі қарай Шыңғыстау баурайымен тағы 80 шақырымдай аралық бар. Жол жақсы. Әйтсе де, арнайы туристік компаниялардың қызметіне жүгінсеңіз, мұндағы тарих туралы көбірек біліп, ақпарат аласыз. Себебі көбіне турлардың бағдарламасына Жидебайдағы мұражай, Абай-Шәкәрім кесенелері, Еңлік-Кебек кесенесі, Әуезовтың Бөрілідегі мұражай-үйі де кіреді.   
  • Ақсу-Жабағылы қорығы. Қазақстандағы тұңғыш қорық (1926 жылы құрылған). Талас Алатауының солтүстік-батысы мен Өгем жотасын алып жатыр. Жамбыл облысында орналасқан. ЮНЕСКО жасаған дүниежүзілік қорықтар тізімінде бар. 130 мың гектардай жерді алады. Өздігіңізбен кіре алмайсыз. Арнайы рұқсатқа қоса, қасыңызда гид жүруі керек. Себебі қорық аумағында жабайы аңдар да, Қызыл кітапқа енгендері де мекендейді. Мысалы, арқар не қар барысы сынды өте сирек кездесетін аңдарды кездестіруіңіз мүмкін. Көбіне қорыққа жету үшін туристер Шымкент жақтан кіреді. Өйткені сол маңнан қорыққа дейін машинамен бір сағаттай уақыт қана алады. Егер бірнеше күнге қалғыңыз келсе, маңайдағы Жабағылы ауылында қонақүй, хостелдер де бар.  

Монументтер мен міндетті түрде баруыңыз керек локациялар

Табиғаты тамсандыратын жерлерге шолу жасап болсақ, ендігі кезекте — қалалардың ішінде орналасқан локациялар. Өйткені елімізде адам қолынан шыққан ерекше туынды да аз емес. Тарихи әрі ерекше жерлерді тізіп шығайық.

Астана қаласындағы бас мешіт. 10 гектардай жерді алып жатыр. Жалпы алаңы — 68 мың шаршы метр. Қандай алпауыт мешіт екенін елестете беріңіз. Осыдан екі жыл бұрын ғана ашылса да, бас қалаға келген қонақтардың міндетті түрде бас сұғатын жеріне айналып үлгерді. Ерекше сәулеті көз тартпай қоймайды. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Биіктігі — 130 метр. Жерасты қабатында 440 адамдық банкет залы, 405 орындық жабық автотұрақ, вестибюль, құрбан шалу орны және басқа да бөлмелер бар. Неке қиятын зал, құран оқитын бөлме, намаз оқитын зал, конференц-залға қоса, дүкендер, асхана, мұражай, телестудия да бар. Бір мезетте іші-сыртында 235 мың адам қатар тұрып намаз оқи алады. Мешіттің кіреберістегі есігі әлемдегі ең биік ағаштың бірі — ирокодан жасалып, қазақша оюлармен безендірілген. 

Бас қаладағы «Бәйтерек». 2002 жылы тұрғызылған монумент. Астананың символына айналған десек, артық айтпаймыз. Қаланың қар ортасынан орын тепкен. Қазақ елінің тамыры тереңде, жеті қабат жер астына жайылған мәуелі бәйтерекпен тең екенін білдіреді. Жапырағы жайқалып, әлі де өсіп, өркендейтін ел екенін көрсету мақсатында сондай терең пәлсапамен соғылған. Биіктігі — 97 метр. Біразға дейін бұл Астанадағы ең биік ғимарат болып келді. Бәйтеректің архитектуралық шешімі үш буыннан тұрады: 4-5 метр тереңге кеткен жар асты бөлігі (ішінде музей бар), діңгегі мен конструкциялар және үшіншісі — диаметрі 22 метр болатын алып шар. Оны самұрықтың алтын жұмыртқасына ұқсатады. Күн түскенде мың түске боялып, құбылады. Бәйтерекке кіру құны — 2000 теңге. Лифтімен ұшар басына дейін шығып, суретке түсе аласыз.  

Түркістандағы «Керуен сарай». 2021 жылы көктемде ашылған. Орталық Азиядағы ең ірі көпфункциялы туристік кешен. Бас-аяғы екі жылда салынып біткен. Туристер көп баратын Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қарама-қарсы бетінде орналасқан. 20,5 гектар аумақты алып жатыр. Шығыс стилінде салынған: құм сынды қызғылт түсті, күмбездері аса биік емес. Саудагерлер мен шеберлер көшесі бар. Кинотеатр, түрлі шоу, қонақүй, мейрамхана бары айтпаса да түсінікті болар. Мұндағы барлық жер бір-бірімен су арнасымен жалғасып жатыр. Статистикаға сүйенсек, келушілердің дені Қызылорда, Алматы, Шымкент, Түркістан және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан екен. Оған қоса Түркия, Франция және Еуропаның басқа да елдерінен қызығушылық танытып келетіндер аз емес көрінеді. Шетелден келетін туристерге арнап мұнда гидтер үш тілде қызмет көрсетеді. Әсіресе, жазда барған жақсы. «Керуен сарайды» Италияның Венециясына ұқсатып жатады.  

Қызылорда облысындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағы. Әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы екенін біліп пе едіңіз? Аумағы — 6717 шаршы шақырым. Қызылорда облысы Қармақшы ауданының аумағында орналасқан. Елдімекендерден жырақ жерде болғандықтан, әрі зымыран ұшыру қауіпсіз, қайтып оралатын ғарыш нысандары үшін қону ыңғайлы болғаны үшін дәл осы жер таңдап алынған деседі. Ракеталардың бұл ғарыш айлағынан ұшу жолы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр екен. Алғаш рет 1957 жылы Жердің жасанды серігі 4 қазанда ұшырылған еді. Ал 1961 жылы 12 сәуірде тарихта тұңғыш рет Юрий Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ұшты. Тәуелсіздік алған 1991 жылы Тоқтар Әубәкіров «Союз Т-13» ғарыш кемесімен  ғарышқа көтерілген еді. Одан соң екінші қазақ ғарышкері — Талғат Мұсабаев та ғарышқа екі рет табан тіреді. Ал 2015 жылы 2 қыркүйек күні Айдын Айымбетов Байқоңырдан ғарышқа көтерілді. 2020 жылғы санақ бойынша Байқоңыр қаласында 76 мың тұрғын бар. Бұл жаққа келгенде не көруге болады? Мұнда музейлер, ракеталардың үлгілері мен ғарыш аппараттарын көзбен тамашалай аласыз. Оған қоса, зымыранның қалай ғарышқа көтерілетінін де көруіңіз әбден мүмкін. Айтпақшы, айлақ аумағында Юрий Гагариннің музей-үйі де бар. Десе де, Байқоңырға бармас бұрын тыңғылықты дайындық қажет. Себебі арнайы рұқсат жасатпасаңыз, аумаққа кіргізбейді. Одан соң айлаққа бөлек рұқсат қағазын алуыңыз қажет болады.

Алматыдағы Медеу мұз айдыны. Әлемдегі ең ірі жасанды мұз айдыны бар спорт кешені. Алматының сырт жағында, Кіші Алматы шатқалында орналасқан. Теңіз деңгейінен 1691, 2 м биікте. 1972 жылы ашылған. Содан бері Алматыға келгендердің міндетті түрде баратын жеріне айналған. Мұнда түрлі спорттық іс-шара өткізіліп тұрады. Күн жылы болса да салқын температура ұстап тұратын арнайы мұздататын жүйе арқылы жұмыс істейді. Мұнда түрлі рекорд жасалған. Әрі бұл спорт кешені — жарыс өткізетін жер ғана емес, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны. «Медеу» кешені қазан айынан бастап мамыр айына дейін ашық тұрады. Яғни осы кездері коньки тебе аласыз. Ал жаз кезінде биік таудағы «Медеу» мұз айдыны кешеніне келіп ролик, скейтборд, гироскутер тебуге болады. Сонымен қатар жеңіл атлеттердің жаттығу орнына айналып үлгерген.

Сондай-ақ оқыңыз