Жаңалықтар

Саяхатшылардың көбі Алматыны неліктен тек транзиттік қала ретінде қарастырады

Фото: Илья Ким

2024 жылы Алматы қаласының билігі туризмді дамытуға 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсауды жоспарлаған болатын. Бұл қаражатқа шетелдік интернет-ресурстарда мегаполис туралы ақпарат таратылады, қазақстандық БАҚ-та мақалалар жарияланады және шетелдік блогерлер шақырылады. Алайда шешілмеген мәселелер Алматыны шетелдік қонақтардың бір реттік сапарларымен шектелетін шаһарға айналдыруы мүмкін.

Алматыға қанша шетелдік келді

«Алматы рекорд жаңартып жатыр! Өткен жылы мегаполис әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді қабылдауда толайым табысқа жетті», – деп мәлімдеді Алматының туризм басқармасы. Шенеуніктердің оптимизмі Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне негізделген: 2023 жылы қалаға 2 млн-нан астам турист келді, олардың төрттен бірі (540,7 мың) – шетелдіктер. Биылғы көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда жоғары болады деп күтіліп отыр.

2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматыға ұшып келіп, жергілікті қонақ үйлерде тоқтаған туристер саны 1,1 млн адамға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,1%-ға артық. Шетелдіктердің үлесі 28%-ға дейін өсті (302,4 мың адам, өткен жылмен салыстырғанда 15,6%-ға көп).

«Бұл пандемиядан кейінгі көңіл қуантарлық көрсеткіш қана емес, сонымен бірге біздің қаланың саяхатшылар үшін маңызды орын екенін дәлелдейтін дерек», – деп хабарлады туризм басқармасы.

Алайда шетелдік туристермен жұмыс істейтін туризм саласының өкілдері бұл оптимизммен келіспейді. Олардың айтуынша, шетелдік қонақтарды дұрыс қабылдау үшін көп өзгеріс қажет. Қазіргі уақытта Алматы шетелдік туристер үшін көбінесе транзиттік орын ретінде қарастырылады. Қалаға мақсатты түрде келетін шетелдік туристер саны аз.

Әуе қатынасы туристік ағымды арттыра алды ма

2024 жылы Алматыға келетін туристер саны айтарлықтай өскен елдер – Үндістан (+162% жылдық өсім) және Қытай (+68,4%). Бұл динамика елдер арасындағы тікелей әуе қатынасының іске қосылуымен байланысты.

Өткен жылдың қыркүйек айының соңынан бері үнді лоукостері IndiGo аптасына үш рет Дели – Алматы бағыты бойынша рейстер орындап келеді. Биылғы қыста қытайлық China Southern Airlines әуе компаниясы Бейжің – Алматы бағыты бойынша аптасына үш рейс орындауды бастады, ал сәуір айының соңынан бастап күн сайын ұшып жүр.

Осы жылы оңтүстік мегаполистегі ресейліктер төрттен бірге азайды. Бірақ абсолютті түрде олар шетелдік туристер арасындағы көшбасшылықты жалғастырып отыр.

Статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы қонақ үйлеріне 77 мың ресейлік, 48,5 мың Үндістан азаматы және 40,6 мың қытай азаматы тоқтаған.

Шаһарды танытуға қанша қаржы жұмсалды

Алматыны халықаралық және ішкі туристік нарықтарда ілгерілетумен Almaty Tourism Bureau айналысады. Бұл – қалалық туризм басқармасының еншілес квазимемлекеттік компаниясы.

2023 жылы туризм басқармасы Almaty Tourism Bureau-ға халықаралық нарықтағы туристік өнімді жылжытуға 229 млн теңге, ал ішкі нарыққа 881 млн теңге бөлген. Осы жылы шығындар айтарлықтай өсті. Алматыны ішкі нарықта ілгерілетуге 1,16 млрд теңге, ал халықаралық нарықта 1,18 млрд теңге жұмсау жоспарланған.

Бюро өз жұмысында цифрлық жарнамаға басымдық береді. Алматының танымалдылығын арттыру үшін АҚШ, Түркия, БАӘ, Франция, Германия, Италия және Сингапур негізгі елдер ретінде таңдалған. Сарапшылардың болжамы бойынша, бұл елдерде мақсатты және контекстік жарнаманы 123 млн рет көрсету Алматыға шамамен 27 млрд теңге пайда әкеледі.

Goszakup.kz мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылы шетелде онлайн жарнаманы орналастыру қызметтерін төлеуге бюро «халықаралық» бюджеттің үштен бір бөлігіне жуығын, яғни 343 млн теңге жұмсайды. Тағы 15%-ы немесе 161 млн теңге Алматы туралы ақпаратты TripAdvisor және Expedia халықаралық платформаларына орналастыруға кетті. Almaty Tourism Bureau бұл шығындардың ақталғанын мәлімдеді.

«TripAdvisor-дағы жарнама 335 мың доллардан астам сома көлеміндегі турларды сатуға септессе, Expedia платформасында бұл көрсеткіш 270 мың долларды құрады», – деді Almaty Tourism Bureau басшысы Камила Лұқпанова «Курсивке» берген сұхбатында.

Өткен жылы Almaty Tourism Bureau Сингапур, БАӘ, Түркия, Қытай, Испания, Кипр және АҚШ-тан келген пікір көшбасшыларына арнап блог-турлар ұйымдастырған. Компанияның мәліметтері бойынша, бұл блог-турлар 35,7 млн адамды қамтып, 15 млн жуық көрілім жинаған. Шетелдік блогерлерді қарсы алуға және қабылдауға бюро шамамен 65 млн теңге жұмсаған. Алайда шетелдік блогерлер қанша туристті тарта алғаны туралы Almaty Tourism Bureau нақты ақпарат бермеді.

Алматыны ілгерілетуге жұмсалған басқа да ірі шығындар қатарында мыналар бар: 194,2 млн теңге БАҚ-тағы жарнамаға, 151 млн теңге үш іскерлік туризм форумын ұйымдастыруға, 120 млн теңге бес имидждік бейнеролик пен виртуалды 3D-тур жасауға, 75 млн теңге Алматының туристік нысандарының тізілімін құруға, 50 млн теңге сувенирлік өнімдерді дайындауға жұмсалды.

Алматы туристерге несімен тартымды

«Алматы неге соншалықты танымал? Себебі мұнда ерекше мәдениет, тамаша пейзаждар және дамыған инфрақұрылым бар. Бұл қалаға қайта-қайта оралуға ынталандырады», – дейді қала туризмі басқармасының қызметкерлері.

Дегенмен Қазақстан азаматтары, бұл пікірмен тек ішінара келіседі. United Research Technologies Group (URTG) әлеуметтік зерттеулер орталығының сауалнамасы Алматыға келген қазақстандықтардың 39%-ы табиғи локацияларды, 15,5%-ы саябақтар мен скверлерді, ал 14,8%-ы сауда-ойын-сауық орталықтарын таңдағанын көрсетеді. Сауалнамаға қатысушылардың пікірінше, осы локациялардың инфрақұрылымы жақсы дамыған.

Ал туристер үшін инфрақұрылымның дамымауы бойынша «антилидерлер» тізіміне жолдар (17%), қоғамдық көлік (14%) және такси жүйесі (7,2%) енген.

Шетелдік туристердің Алматыдағы ең тартымды локациялары туралы пікірлерді «Курсив» әлеуметтік желілерге жинаған болатын. Ең көп аталған орындар қатарында Алматының таулары мен ұлттық парктері (мысалы, Алтын-Емел, Шарын) болды. Алматы қаласында шетелдіктерді мәдени нысандар, сәулет өнері және гастрономия қызықтырады.

«Қала қонақтарының тұрақты қызығушылығын тудыратын ең танымал локация – Шымбұлақ тау курорты. 2024 жылдың алғашқы жартысында оны 688 845 адам тамашалаған», – деді Камила Лұқпанова.

Екінші орында Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркі, ол 2024 жылы 357 785 адамды тартты. Табиғи жолдар, мұздықтар және флора мен фаунаның әртүрлілігі экотуризм сүйер қауым үшін бұл паркті тамаша орынға айналдырды. Көк-Төбе де танымал орындардың бірі, ол қалаға панорамалық көрініс пен ойын-сауық аймақтарымен белгілі. 2024 жылы оған 279 278 адам келді.

Гастрономия мәселесіне қатысты Almaty Tourism Bureau мәліметтері бойынша, туристер Алматыда ұлттық және халықаралық асханалардың кең таңдауын атап өткен.

«Көшпелі және көшпелі емес асхана шетелде уақыт өткен сайын танымал бола түсті. Әрбір қонақ қазақ асханасынан өзіне ұнайтын тағамды таба алады. Мысалы, италиялықтар жылқы еті тартарымен және «оссобуко» тағамын еске түсіретін ми сүйектерін жоғары бағалады», – деді Камила Лұқпанова.

Алайда шетелдіктер Алматының тек оң тұстарын ғана емес, теріс жақтарын да байқайды. Мысалы, қытай туристері Алматыда қытай және тіпті ағылшын тілдерінде ақпарат пен көмек табудың қиын екенін атап өткен. Олар қоғамдық көліктің жиілігінің төмендігін, заманауи көлік жүйелерінің жоқтығын, жолдар мен жарықтандыруды жөндеу қажеттілігі, көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығының жеткіліксіздігін, сондай-ақ ауаның ластануын алға тартады. Үнді туристері бұл тізімге өздеріне етене таныс азық-түлікті немесе үнді асханасының мейрамханаларын табудағы қиындықтарды қосқан. Ал ресейлік және түрік туристері қонақүйлер мен кафелердегі бағаның ұсынылған қызмет деңгейіне сәйкес келмейтінін айтты.