Қазақстандықтардың мерзімі өткен несиелерін сатып алуға тыйым салғаннан кейін, коллекторлар қайтіп күн көрмек
2024 жылғы 19 маусымда Қазақстанда қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында түзетулер пакеті қабылданды. Бұл түзетулер коллекторлық агенттіктердің қызметіне әсер етті. 2024 жылдың 1 шілдесінен 2026 жылдың 1 мамырына дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) жеке тұлғалардың проблемалы несиелерін коллекторларға сата алмайды. Бұл коллекторлық агенттіктер нарығына қандай өзгерістер әкелмек?
Коллекторлар аутсорсингке ауысуы мүмкін
Банктер мен МҚҰ коллекторлармен екі жол арқылы жұмыс істейді.
Бірінші жол – проблемалы несиелер бойынша талап ету құқықтары банктер мен МҚҰ-да қалады, ал коллекторлар қаржы ұйымдарының контрагенттері ретінде қарызды өндіріп алады. Яғни бұл қызмет аутсорсинг негізінде жүзеге асады. Қаржы ұйымдары коллекторлардың қызметтеріне жүгінеді. Себебі қазіргі таңда олар қарызды өндіріп алуда тиімді әрі жоғары технологиялы құралдарды қолданады. «Олар бұрынғы қатаң өндіріп алу әдістерінен айтарлықтай ерекшеленеді», – деп атап өтті Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов.
Екінші жол – коллекторлар банктер мен МҚҰ-дан «нашар» несиелерді сатып алады. Агенттіктер проблемалы қарыздар бойынша талап ету құқығын иеленеді. Яғни коллекторлар проблемалы қарыз алушыларға несие беруші болып шыға келеді (цессиялық агенттіктер).
Алайда екінші жол 2024 жылдың 1 шілдесінен 2026 жылдың 1 мамырына дейін «тоқтатылады». Осы кезеңде банктер мен МҚҰ қарыздарды өздерінің портфельдерінде дербес реттеуі керек. Реттеушінің пікірінше, бұл шара проблемалы қарыздар көлемін және проблемалы қарыз алушылар санын азайтуға көмектеседі.
Екі жылға жуық «үзілісте» жұмысты екшеуге мүмкіндік бар
Түзетулер тек жеке тұлғалардың несиелеріне қатысты болғандықтан, коллекторлар үшін логикалық қадам – аутсорсингке көшу немесе заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің проблемалы несиелерін сатып алу.
Цессиялық агенттіктердің бірінің өкілі Ғани Өтеновтің айтуынша, талап ету құқығын сатып алуға маманданған коллекторлар үшін аутсорсингке көшу аса қиын болмайды. «Бұл – өз портфеліңмен жұмыс істегенмен бірдей, тек бұл жағдайда несие беруші агенттік емес, серіктес (банк немесе МҚҰ) болады. Коллекторлар өздеріне берілген портфельді серіктестерімен бірге басқарады», – деп түсіндірді ол. Оның пікірінше, цессияға тыйым салынған коллекторлардың көпшілігі аутсорсинг жолына түседі.
Цессиялық коллекторлық агенттіктер банктер мен МҚҰ-ларға өз портфельдерін жақсартуға және пруденциялық нормативтерді сақтауға көмектескендіктен, олар нарықта танымал. Сондықтан банктер мен МҚҰ олармен аутсорсинг негізінде жұмыс істеуден бас тартпайды.
Сондай-ақ қаржы институттарымен байланысты ірі агенттіктер де өмір сүруін жалғастырады. «Аффилиирленген коллекторлар ешқашан жоғалып кетпейді, себебі қажет болған жағдайда олардың шығындарын негізгі құрылым жауып отырады», – деп түсіндірді анонимді түрде бір агенттік өкілі.
Өтеновтің пікірінше, нарықта аутсорсингке де, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің портфельдерін сатып алуға да көшпей-ақ, бұрын сатып алынған портфельмен жұмыс істеп, аман қалатын ірі цессиялық агенттіктер бар. Бұл екі жылға жуық уақыт «үзіліс» олардың жұмыс үдерістерін қайта қарап, оңтайландыруына мүмкіндік береді.
Коллекторлар да «жылайды«
Ғани Өтеновтің мәліметінше, цессиялық агенттіктер негізінен ірі және қаржылық тұрақтылығы жоғары болып келеді. Аутсорсинг нарығында олар проблемалы несиелерді сатып алмайтын (тек қарызды өндіріп алумен айналысатын) шағын коллекторларды ығыстырып, нарықтың қысқаруына алып келеді.
Бұл жағдайды атын атамауды өтінген жоғарыдағы анонимді тұлға да болжап отыр. Оның айтуынша, аутсорсингте маржа аз: шығындардың көптеген баптарын жабу керек (call-орталықтағы қызметкерлерді ұстау, арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету, кеңсе жалдау), ал өндірілген қарыздың көлемін нақты болжау мүмкін емес. Оның пікірінше, аутсорсингте жұмыс істеу қиын, өйткені көптеген ережелер мен шектеулер бар. Коллекторлар тек жұмыс уақытында қоңырау шалу керек, сұхбатқа көшпес бұрын ұзын шаблонды мәтінді оқып шығуы керек, әңгіме аудио немесе бейнежазбаға түсірілуге тиіс. Алайда қарыз алушылар сөйлеспей, телефонды қоя салады немесе SIM-карталарын ауыстырады. «Халық қазір барлық несие берушілеріне қарсы иммунитетке ие», – дейді ол. Сонымен қатар заңнамада қарыз алушының табысынан қанша пайызын төлеу керектігі анық көрсетілмеген. Кейбіреулер ай сайын тек мың теңге ғана төлейді.
Көп жағдайда коллекторлардың шаралары нәтиже бермейді. Сондықтан олар соңында нотариус пен сот орындаушыларының көмегіне жүгініп, борышкердің банк шоттарын бұғаттайды. Ғани Өтеновтің бағалауынша, барлық борышкерлердің тек 15-20%-ы ғана өз қарыздарын ерікті түрде өтейді, коллекторларды орындаушы өндірісіне жүгінуге мәжбүрлемейді.
Анонимді спикер сондай-ақ сот орындаушыларының орындау өндірісі аясында қарыздарды өндіріп алуға қатысты «бейресми тыйым» тәжірибесі бар екенін атап өтті. Мұндай шектеулер «ірі мемлекеттік оқиғалар алдында қоғамдағы шиеленісті арттырмау үшін» енгізіледі.
Ақша бар жерде қарыз да бар
Агенттіктердің аз бөлігі заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің «нашар» несиелерін сатып алады, яғни бұл ниша салыстырмалы түрде бос. Анонимді спикердің пікірінше, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің портфельдерін сатып алуға көшуге ниетті, бірақ ол бұл қадамға аса қуанып отырған жоқ. Өйткені бұл жаңа дағдыларды игеруді және қаржылық инвестицияларды қажет етеді. Себебі жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың қарыздары жеке тұлғалардың орташа қарыздарынан айтарлықтай көп.
Өтенов заңды тұлғалардың несиелерін сатып алумен айналысатын коллекторларға қойылатын талаптардың жоғары екенін растайды. Мұндай агенттіктердің қызметкерлері корпоративтік құқықты түсінуі, банктердің несие комитеті отырыстарына қатысуы, қаржылық құжаттарды оқи білуі және компаниялардың қызметін қайта құрылымдау үшін қаржылық мониторинг жүргізе алуы керек.
Түзетулер сондай-ақ коллекторлардың жаңа нарықтарды игеруіне алып келеді. Бұрын коллекторлар ірі көлемдер мен тұрақтылық үшін банктер мен МҚҰ-мен жұмыс істеуге тырысқан. Енді агенттіктер жеке компанияларға назар аударатын болады. Олар да борышкерлерден қарыздарын ала алмай отырғанын байқап жүр.
«Ақша бар жерде қарыз да бар», – деп түсіндірді Өтенов. Мысал ретінде ол жүк тасымалдау, киім дүкендері мен коммуналдық төлемдерді келтіреді. Коллекторлар сондай-ақ бір жеке тұлғаның екінші жеке тұлғаға қарызын өндірумен айналыса алады.
Регресс күтіліп отыр
Анонимді комментатордың пікірінше, егер реттеу шаралары әрі қарай да қатаңдатылса, оның агенттігі жабылуы мүмкін. «2021 жылмен салыстырғанда біз қарызды қайтару бойынша 90%-ға жуық төмендедік», деген ол қарызды қайтару туралы деректерді келтірді.
2024 жылдың 3 қазанына қарай мемлекеттік тізілімде ел бойынша 199 коллекторлық агенттік тіркелген. Анонимді сарапшы олардың саны 50-ге дейін қысқарады деп болжап отыр. Ал Ғани Өтенов шығындарды сақтықпен бағалап, коллекторлық агенттіктердің саны тек 10%-ға азаяды деп есептейді.
Halyk Finance аналитикалық орталығы да түзетулерге байланысты коллекторлардың нарықтан кетуін күтіп отыр. Басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың айтуынша, бұл өзгерістер стресс активтері нарығында және жалпы қаржы секторында регресске әкеледі. Оның сөзіне қарағанда, коллекторлар институты проблемалы несиелерді қайта құрылымдап, банктер мен МҚҰ портфельдерін сауықтыруда маңызды рөл атқарады.
Темірханов әлемдік тәжірибеде банктер әдетте ірі проблемалы несиелерді өздерінде сақтап, шағын несиелерді коллекторларға беретіні туралы айтады. Мұндай агенттіктер бірнеше банкпен қатар жұмыс істейді. Сондықтан олар мамандану мен ауқымдық тиімділік нәтижесінде банктерге кәсіби әрі арзанырақ қызметтер ұсына алады.
«Шағын несиелерді беру мен проблемалы қарыздарды өндіріп алу арасындағы қызметті бөлу қаржы нарығының тез әрі тиімді дамуына мүмкіндік береді», – деген Темірханов бұл жүйенің артықшылықтарын атап өтті.