FATF ұйымы Ресейді ақшаны жылыстатумен күреспейтін елдердің «қара тізіміне» қосқан жоқ
Парижде өткен үш күндік пленарлық отырыстың қорытындысы бойынша Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржы шараларын әзірлеу тобы (FATF) Ресейді қара тізімге қосқан жоқ. Сондай-ақ Ресей ақшаны жылыстатуға қарсы күреске жеткілікті күш салмайтын елдерді қамтитын «сұр тізімге» де кірмеді.
Reuters-тің ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Қытай, Үндістан, Сауд Арабиясы және Оңтүстік Африка Ресейді «қара тізімге» енгізуге қарсы дауыс берген. Кейбір мәліметтерге қарағанда, олардың қатарына Бразилия да қосылған. Бұл ретте агенттіктің аты-жөнін атамаған бір сұхбатшысы соңғы шешім ықтимал бұзушылықтар туралы «қосымша дәлелдерді жинау үшін» кейінге қалдырылғанын айтты.
Қазір «қара тізімде»: Иран, Солтүстік Корея және Мьянма қалған. Олардың жұмысын FATF мамандары барлық бұзушылық жойылғанша бақылайды
Украина өткен жылдан бері Ресейді «қара тізімге» енгізуді талап етіп келеді. 2023 жылы маусымда Парижде өткен пленарлық отырыста да Украинаның ұсынысы қабылданбады. Ресей FATF-қа 2003 жылы қосылып, 19 жылдан кейін – 2022 жылдан бастап ұйымнан шықты.
Ресей – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында республикаға тауар жеткізушілер арасында 28,6% үлеспен бірінші және 10,9% үлеспен сатып алушылар арасында үшінші орынға ие болды. Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымы (экспорт пен импорттың жалпы көлемі) жылдың алғашқы алты айында 66,9 млрд долларды құрады (бір жылмен салыстырғанда 2,1%-ға өсті).
2022 жылдың көктемінде Ресейге қарсы кең ауқымды санкциялар енгізілгеннен кейін, Мәскеумен қаржылық операциялар айтарлықтай күрделене түсті. Негізінен Ресейдің ірі банктерінің АҚШ, Еуропалық Одақ және т.б. шектеу тізіміне енуіне байланысты олардың доллар, еуро және басқа валюталардағы шоттары бұғатталды.