Сәтқалиев корей компаниялармен АЭС салу жөніндегі консорциумға қатысу мәселесін талқылады
Қазақстан кореялық әріптестерімен энергетикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің Кореяның ірі энергетикалық компанияларының өкілдерімен және мемлекеттік органдармен кездесулерінен белгілі болды.
«Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрімен энергетика саласындағы, оның ішінде мұнай-газ саласындағы әріптестік қатынастарды және жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды кеңейту мүмкіндігі талқыланды», – деп жазылған ведомство хабарламасында.
Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Ан Док Кын мырзамен кездесуде атом саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Корей тарапы Қазақстанда АЭС салу бойынша корей компанияларымен консультациялар өткізуге қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев корей компанияларының өкілдеріне Қазақстан атом электр станциясын салудың ықтимал үлгілерінің бірі ретінде халықаралық консорциум құруды қарастырып жатқанын айтты. Алайда бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім 2025 жылы қабылданатынын атап өтті.
Сондай-ақ ірі корей компанияларының өкілдерімен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде Энергетика министрлігі мен «Doosan Enterbility»арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылған.
Құжат аясында тараптар жергілікті персоналды даярлай отырып, корей компаниясының энергетикалық жабдықтарын өндіру, сондай-ақ Астана қаласында зауыт өкілдігін ашу мүмкіндігін зерттейтіні айтылған.
Еске сала кетсек » Doosan Enterbility » KEPCO KPS-пен бірлесіп, Қазақстандағы бірнеше ЖЭО-ның жағдайын тексерген.