Жаңалықтар

2000-нан астам кәсіпорынның деректері жаңа ақпараттық платформаға енгізілді

Фото: kursiv.media архивінен

Қазақстанда 2000-нан астам кәсіпорынның деректері жаңа ақпараттық платформаға енгізілді. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің Мемлекет басшысының отандық кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға қатысты тапсырмаларын орындау мәселесі бойынша өткізген жұмыс кеңесінде айтылды.

Жаңа жүйе кәсіпорынның нені және қандай көлемде өндіретінін, онда кім және қандай жағдайда жұмыс істейтінін, сонымен қатар, мысалы, мемлекеттен қандай қолдау шараларын алатынын көрсетеді.

Ақпараттық платформа Қаржы, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің, СК-Фармация, «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС, электрондық сатып алулар, квазимемлекеттік сектордың (Mitwork) және жер қойнауын пайдаланушылардың (NadLock) реттелетін сатып алуларының базаларымен біріктірілген. Сонымен қатар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен «Бәйтерек» холдингінің қазақстандық кәсіпорындарға көрсетілетін қолдау шаралары туралы деректері жүктелді.

Платформа Smart Data Ukimet ақпараттық-талдау жүйесі негізінде әзірленген

Ақпаратты жаңарту онлайн режимінде жүзеге асырылады.