Жаңалықтар

Грузияда парламенттік сайлау өтіп жатыр: депутаттық мандат алуға қай партияның нақты мүмкіндігі бар

грузия
Фото: shutterstock

Грузияда парламенттік сайлауда дауыс беру басталды. Бұл сайлауда елді 12 жыл басқарып келе жатқан «Грузия арманы» партиясы билікте қала ала ма, әлде оппозиция коалициясы жеңіске жете ме деген сауал көпшілікті күпті етіп отыр.

Civil Georgia жазуынша, сайлауға 3 508 294 азамат қатысуда, оның ішінде 3 113 747 сайлаушы электронды технологияларды қолдану арқылы қатысады. Грузияда және шетелде 3111 сайлау учаскесі ашылды, оның 67-сі әлемнің 42 елінде.

Сайлауға 18 субъект қатысып, партиялық тізімдерін Орталық сайлау комиссиясына ұсынып отыр. Сауалнамаға сәйкес, бес субъектінің 5 пайыздық межені еңсеру арқылы депутаттық мандат алуға нақты мүмкіндігі бар. Олар: қазіргі билік етіп отырған ​​«Грузин арманы» партиясы мен оппозициялық «Бірыңғай ұлттық партия қозғалысы», «Өзгерістердің коалициясы», «Күшті Грузия» және «Грузия үшін».

Грузиядағы сайлауды 111 жергілікті және 76 халықаралық ұйым бақылайды.

Грузия парламентіне 150 депутат сайланады.

Бұдан бір апта бұрын Грузия президенті Саломе Зурабишвили елде 20 қазанға жоспарланған «Грузия Еуропаны таңдайды» акциясына қатысатынын мәлімдеді. Ол грузин халқын қорқыту мен үркітуден қорықпауға, бейбіт шеруге қатысып, 26 қазанда өтетін парламенттік сайлауда дауыс беруге шақырды.

Орбелиани сарайында өткен брифингте президент «жеңіске жету мен Еуропаға оралуымызға қажет бірлігіміз бар» деп атап өтті.