Lifestyle

Шымкентте шахмат мерекесі: бірнеше турнирге үздік жас ойыншылар жиналды

Шымкентте шахмат
Шымкентте шахмат бірнеше турнирлері басталды / Фото: KazChess

Қазан айының соңғы күндерінде Шымкент қаласы Қазақстанның шахмат астанасына айналады. Себебі қалада бірнеше шахмат турнирі қатар өтпек.

29 қазанда қалада 2024-2025 жылғы ФИДЕ әйелдер Гран-приінің 2-ші кезеңі өтеді. Осы шараның аясында 26 қазанда өзге екі турнир бастау алды. Қазақстан балалар кубогының 6-шы әрі финалдық кезеңі және тұңғыш рет қаланың Ашық кубогы ойнатылады.

Freedom Holding Corp. Қолдауымен Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған шаралардың ашылу салтанат 26 қазанда «Көрме орталығында» өтті. Әр турнирдің 9 кезеңі орталық ғимаратында 1 қарашаға дейін өтеді.

Фото: KazChess

«Шымкент қаласында әлемнің 10 үздік шахматшысы қатысатын әйелдердер арасындағы ірі халықаралық турнирін өткізу – дүниежүзілік шахмат сахнасындағы Қазақстанның атқаратын рөлі мен алатын орнын нығайтудың тағы бір тамаша мүмкіндігі. Сонымен қатар дәл осы жерде Балалар Кубогының финал алдындағы кезеңін және маңызы зор айналма турнирді ұйымдастыру барған сайын көп адамның зияткер ұлтты қалыптастыруға көмектесетін осынау игілікті ойынға әуес болуына жол ашады», – деп атап өтті KazChess вице-президенті Марат Есенов.

Шымкент қаласының алғашқы Ашық кубогы – KazChess өткізетін гроссмейстер дәрежесіне (GM) және халықаралық шебер (IM) дәрежесіне жарамды 10 турнирдің бірі. Шараға бақ сынау үшін 4 шетелдік гроссмейстер – израильдік Евгений Алексеев (2537), грузиялық Леван Панцулая (2521), өзбекстандық Саидали Юлдашев (2402) және беларустық Алексей Фёдоров (2398) келді. Бұған қоса, бірнеше қазақстандық шахматшылар бар: шымкенттік халықаралық шебер Әбілмансұр Әбділқайыр (2358), ФИДЕ шеберлері Бексұлтан Молдағали (2404), Лия Құманғалиева (WGM, 2324), Иманғали Ақылбай (2282). Сондай-ақ қырғызстандық ФИДЕ шебері Элдияр Орозбаев (2403) және халықаралық шебер Асылбек Абдыжапар (2368) бақ сынасады. 

Жүлде қоры 3 млн теңге: 1-орын – 1,2 млн теңге, 2-орын – 800 мың, 3-орын – 500 мың, 4-орын – 300 мың және 5-орын – 200 мың теңге.

Фото: KazChess

Ал Қазақстанның Балалар кубогының 6-кезеңінде бақ сынау үшін Шымкентке 10 жасқа дейінгі 163 шахматшы және 14 жасқа дейінгі 128 шахматшы келді. Бұл елімізде өтіп жатқан балаларға арналған тұңғыш көп сатылы турнир. 6-кезеңнен кейін финал Алматыда 19-26 желтоқсан аралығында өтеді.

Осыған дейінгі бес кезең: Таразда (23–29 наурыз), Қызылордада (Аралбай Махамбетов Мемориалы, 12–18 мамыр), Қостанайда (А.Г. Уфимцев Мемориалы, 23–29 маусым), Атырадау (23–30 шілде) және Павлодарда (22–28 тамыз) өткен.

Шымкентте өтетін кезең қазақстандық мықты шахматшыларды дайындаған дарынды тәлімгер және педагог Вячеслав Владимирович Печерский мемориалына арналған.