Өзбекстанда өтіп жатқан парламенттік сайлауда кейбір учаскеде электронды дауыс беру жүйесі іске қосылды
27 қазан күні Өзбекстанда Олий Мажлис (Парламенттің төменгі палатасы) депутаттары мен жергілікті кеңестер мүшелерін сайлау өтіп жатыр.
Өзбекстанда алғаш рет Парламенттің заң шығару палатасына сайлау аралас жүйе бойынша өтуде. Азаматтар 75 депутатқа дауыс береді, тағы 75 депутат партиялық жүйе бойынша сайланады.
Сайлауды 800-ден астам шетелдік және халықаралық байқаушылар қадағалайды.
Дауыс беруге Өзбекстан азаматтары, соның ішінде шетелде тұратын, сайлау күні немесе оған дейін 18 жасқа толған азаматтар қатысуға құқылы. Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметі бойынша 19,9 миллион сайлаушы тіркелген.
Сайлауға бес партия қатысуда:
- Өзбекстан либералдық-демократиялық партиясы,
- «Миллий тикланиш» демократиялық партиясы,
- Өзбекстанның экологиялық партиясы,
- Өзбекстан халық-демократиялық партиясы,
- «Адолат» социал-демократиялық партиясы.
Орталық сайлау комиссиясы алғаш рет Ташкенттегі он сайлау учаскесінде электронды дауыс беруді сынақтан өткізеді. Бұл ретте сайлаушылардың өздері электронды жолмен немесе қағаз бюллетень арқылы дауыс беретінін таңдайды. Сайлау учаскелерінде биометриканы қолдану және дауыс беру барысын онлайн бақылау тәжірибесі жалғасады.
Оған қоса сайлаушылар, байқаушылар туралы статистикалық деректер, кандидаттар, сайлау учаскелерінің орналасқан жері туралы ақпарат жинақталған E-saylov ақпараттық жүйесі іске қосылды.
Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала нәтижесін 28 қазанда жариялауды жоспарлап отыр.