Жаңалықтар

Қазақстан тоғыз айда 42,6 миллион тонна темір кенін өндірді

Фото: kursiv.media

2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша тау-кен өндіруші компаниялар 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, темір кенін өндіруді төрттен біріне дерлік арттырып, 42,6 млн тоннаға дейін жеткізді.

Ұлттық статистика бюросы дерегін dprom.kz талдаған. Соған сай жылдық көрсеткіш бойынша қыркүйек айында өндіріс көлемі (4,8 млн тонна) 28,5%-ға өсті, дегенмен биылғы тамыз есебіне қарағанда 5,5%-ға төмендеді.

Күзге қарай Қазақстанда темір түйіршіктерін өндіру қарқын алды. Осы өнімдерді шығару биылғы үш тоқсанда 2023 жылдың 9 айымен салыстырғанда 33,1%-ға өсіп, 4,3 миллион тоннаны құрады. Қыркүйек айында 452,1 мың тонна түйіршік өндірілді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 70,5%-ға, ал алдыңғы аймен салыстырғанда 34,3%-ға артық.

2024 жылдың басынан бері республика кәсіпорындары 6,1 млн тонна темір кені концентратын өндірді (2023 жылдың үш тоқсанымен салыстырғанда, +9,5%). Тек темір агломератын өндіру бір жыл ішінде 4,2 млн тоннаға дейін 6,2%-ға қысқарды.

2024 жылдың басынан металлургиялық кешеннің өнімділігі де артты. 9 айда 2,5 мың тонна шойын (2023 жылдың 9 айымен салыстырғанда, +14,2%) және 1,7 мың тонна ферроқорытпа (+15,7%) өндірілді. Шикі болат өндіру 3,1 млн тоннаны (+10%), жалпақ бұйымдар – 2,2 млн тоннаны (+21,2%) құрады.