Гедонизм өмірді жақсартуға көмектесе ме?
Өмірдің мәні — істеген істен ләззат алу. Гедонизм философиясы осылай дейді. Яғни адам ғұмырындағы ең ұлы игілік рахат сезімімен байланыстырады. Ал өзге құндылықтар — сол ләззат алуға көмектесетін құралдар деседі. Былайша айтқанда, өмір мәні жетістікке жетіп, соған қуанудан тұрады дегенді меңзейді. Бұл қайдан шыққан көзқарас? Қандай негіздерге сүйенеді? Бүгінгі материалымызда осы туралы айтамыз.
Гедонизм деген не?
Гедонизм — адам табиғатынан ләззатқа ұмтылады дегенге сүйенетін этикалық көзқарас. Көне грек тіліндегі «хедонэ» деген сөзден шыққан. Мағынасы — рахат, ләззат. Көбіне гедонизмді эпикуреизммен шатастырып жатады. Екеуінде де адам өмірінің мәні ләззатқа келіп тіреледі. Бірақ екеуінің айырмашылығы барын ұмытпау керек. Одан қала берді сибариттермен де қатар қоюға болмайды. Себебі сибариттер рахат сезімін айналасына анық көрсетуге тырысады. Сондықтан көп жағдайда олардың ләззатқа ұмтылысында негатив әсер болады.
Біз айтып отырған гедонизм идеясының шығу төркінінен бастайық. Қысқаша айтқанда, бақытқа, қуанышқа барынша ұмтылып, уайым-қайғыны мейлінше азайтады. Заманауи қоғамда бұл зайырлы әрі этикалық ағымға айналды. Яғни әр адам бақытты болуға лайық деседі. Әу баста гедонизм рахатты дұрыс не бұрыс деп бөліп қарастырмаған. Бірақ кейін келе бұл этика өзгеріске ұшырады. Себебі асыра эгоизм адамды қоғамнан тысқары қалдырып, тіпті ортасына қауіпті қылады.
Философия және гедонизм
Ливияның Африка жағалауындағы грек колониясы Киренадан шыққан философ Аристипп (б.з.б. 436 – 356) осы гедонизм идеясының негізін қалаған. Зайырлы бонвиван өмір салтын ұстанған. Афинаға Сократтан білім алуға барғанымен, ләззатқа ұмтылысының мықты болғаны сонша грек ойшылының біліміне өзіндік көзқарас қалыптастырған. Сократ жалпы алғанда рахатты жаманға баламаған. Яғни оны игілік деп те, қауіп деп те атамаған. Себебі оның өмірлік философиясы бойынша, таным-білім адамға рахат сыйлайды. Демек, ондай жағдайда ол жақсылыққа бастайды деп сенген. Ал Аристипптің ойынша, қуаныш — өмірдің негізгі қозғаушы күші. Қай жерден, қалай ләззат алғаның маңызды емес, бастысы сол сезімді сезіну деп айтады.
Ұстазына қарағанда Аристипп ақшаны көбірек жақсы көрген. Онысына ақылы лекциялар жүргізгені дәлел болады деседі. Сократтың шәкірттерінің ішінде дәріс бергеніне ақы алған алғашқылардың бірі болған. Осы ретте оның әділ болғанын да айтып өту керек. Өйткені ұстазына берген білімі үшін бірнеше мәрте ақысын төлемек болған. Бірақ Сократ онысын құптамаған екен. Қанша жерден ақшаға көзқарасы жақсы болса да, оны төбесіне көтеріп, өмірдің мәніне де баламаған. Себебі оған ақша жұмсау оңай болған деседі. Яғни ақшаны құрал деп қана қарастырған. Ал Аристипптің шәкірттері — киреналықтар болса, бәрін «субъектив халге» келіп тіреген. Олардың ойынша, адам жанында екі түрлі ғана күй болады: рахат не бейнет. Егер екеуі де болмаса, онда адам тұралап қалды деген сөз. Физикалық рахат та, бейнет те күші жағынан психикалық түрінен басым түседі деп санаған. Сондықтан физикалық ләззатқа ұмтылған жақсы болғанымен, физикалық ауырсынудан барынша қашу керек деп есептейді. Бір айта кететіні, киреналықтар ләззаттың соңына түсіп, құлы болмау керек деп санаған. Яғни сезімдерге адам өзі қожалық ету керек. Кімде-кім құлына айналса, ол байғұс күйге түскені деген.
Гедонизм идеясының дамуына Эпикурдың да (Грекиядағы алғашқы философиялық мектептің негізін қалаушы) қосқан үлесі бар. Оның негізгі ойларын мынадай ретпен келтіруге болады:
- Адам санасы шынайылықты таразылай алады;
- Шынайылық бар жерде — бақыт бар;
- Бақыт деген уайым-қайғы жоқ кез;
- Бақыт пен тыныштыққа кенелу үшін адамға өзінен басқа ешкім де, ештеңе де керек емес. Мемлекет, институт, байлық т.б адамды бақытты ете алмайды. Адамға өзі болса жеткілікті;
Эпикур ләззат атаулыны үш түрге бөліп қарастырған:
- Табиғи және шынында қажет сезім. Бұл ләззат сезімі адамды қайғыдан ада қылып, адамның табиғи қажетін өтеуге көмектеседі. Яғни тамақ, су, ұйқы мен киім — осы қатарда.
- Табиғи, бірақ қажет емес сезім. Керек ләззат сезімдерге ұқсас, бірақ айырмашылығы бар. Айталық, адам шөлдегенде қара су ішсе болады. Десе де, ләззат алғысы келіп, оның орнына басқа сусын ішеді дегендей. Қарны ашқанда да нан емес, деликатес жеп рахат алады. Тоңғанда жылыну үшін жай жамылғы емес, түйе жүннен тігілген көрпені таңдауы дегендей нұсқалар осы қатарда. Эпикур махаббатты да осы тізімге қосқан. Себебі жалпы алғанда адам махаббатсыз өмір сүре алады. Кейде тіпті махаббаттың қызғаныш, көреалмаушылық, іштарлық сияқты салдары болатынын ескерсек, онда тіпті соңы бейнетке апарады деп сенген.
- Жасанды және қажет емес сезім. Бұл сезімдерсіз адам өмір сүре алады. Тіпті кейде олардың болғанынан болмағаны жақсы деп түйген. Мысалы адам эгосын байлық, атақ, бедел сынды бос әуремен қанағаттандыруға тырысуы мүмкін деседі.
Енді Аристипп пен Эпикурдың көзқарастарындағы айырмашылықты айтайық. Эпикур бақытты физикалық ләззат емес, жан тыныштығы деп түсінген. Яғни рухани мінез-құлық адамның бақытқа ұмтылыс арқылы көрініс табады-мыс. Эпикуреизм этикасының мәні осында. Кейін бұл этикалық бағыт «эудаймония» деген атауға ие болады. Көне грек тілінен аударғанда «өркендеу, бақыт» деген мағынаны білдіреді.
Заманауи гедонизмнің ерекшеліктері
Қазіргі уақытта гедонизм философиясын француз ойшылы Мишель Онфре әрмен қарай жалғастырып, дамытып келеді. Осы тақырыпта жазған еңбегі де аз емес. Онфренің ойынша, гедонизм деген —өз күшіңмен қуанышқа кенеліп, басқаларға зиян тигізбей, рахат сыйлау. Өз сезімдерін бақылап, іс-әрекеттерін түзеу де осы философияға саяды. Француз философының гедонизмі ең жоғары игілікті адамның өз рахатымен және басқалардың ләззатымен қатар қоюды ұсынады. Бұл жерде бәрі тең: ешкім ешкімнен артық та, кем де емес. Біреудің рахаты үшін басқаны құрбан етуге болмайды. Оның ойынша, мұндай тепе-теңдікке қол жеткізу үшін геоденистік жоба әр тармақтан жасау керек. Атап айтқанда, саясатта, этикада, эротикада, биоэтикада, педагогикада, тарихта және т.б.
Геоденизмді заманауиландырып бейімдеуге тырысатын келесі бір көзқарасты ағылшын философ-трансгуманисі Дэвид Пирс ұсынады. «Геоденистік императивті» саналы ғұмырдағы уайым-қайғыдан айығудың жолы ретінде ұсынады. Пирстің айтуынша, ол үшін трансгуманизм керек. Ол дегеніміз — денсаулықты технологиялық жолмен жақсартып, адамның когнитив қабілеттерін күшейту. Адамның жақсы жағдайда, ұзақ өмір сүруін қамтамасыз ету керек деп санайды. «Геоденистік императив» деген манифестінде Дэвид Пирс гендік инженерия, нанотехнология, фармакология, нейрохирургия сияқты жаңа технологияларды біріктіріп, адам мен жан-жануарлардың өмірін жақсартуға бағыттауға болады деп сипаттап жазады. Тағы бір айта кететіні — заманауи адамдар мен олардың ұрпақтары үй жануарлары мен жабайы аңдарға қатыгездік көрсеткені үшін жауапты деген ұстанымы бар. Пирстің ойына сүйенсек, ешқандай әлеуметтік-экономикалық реформа не экономикалық өсім, технологиялық прогресс трансгуманизм практикасын қатар қолданбаса, ешқалай көмектеспейді. Яғни адамды уайымнан арылтпайды дейді. Былайша айтқанда, қандай сыртқы әсер болсын жеке адамды оның биологиясы алдын ала белгілегеннен артық бақытты қыла алмайды.
Шектен тыс гедонизмнің қандай қаупі бар?
Антика дәуіріндегі философтар ләззат сезімінің биохимиясын білмегені анық. Бірақ қазір ғылым дамыған. Сондықтан адам миында болып жататын процестерді ғылым сипаттай алады. Бақыт, рахат сынды эмоцияларда басты рөл атқаратын нейромедиатор — дофамин. Адам миында ол гормонның болатыны 1957 жылы анықталған еді. Сол кезден бері сол нейромедиатордың адамның жүйке жүйесіне қалай әсер ететіні зерттеліп келеді.
Дофамин адамның ләззат алуды күтуіне жауапты. Сол себепті барынша алуға ұмтылып тұрады. Жаңа нәрсені көруге, дәмін татуға шақырып тұратын да — сол. Оған қоса тәтті жеу, ішімдік ішу, секспен айналысу не есірткі сынды дүниелер де дофамин бөледі. Бірақ рахат сезімін жиі оңай сезіне бергенде, ағзадағы нейромедиатор ресурсы азаяды. Соның салдарынан жаңа жерге бару, бұрынғы қызығушылықтармен айналысу ләззат сыйламайтын болып қалады. Дозасын арттырмаса, әсері жоқ болады. Жалпы алғанда есірткі нейромедиаторға жағымды әсер етпейді. Олар нейромедиатор бөлінгендей стимуляция жасайды, болмаса нейромедиторларды жүйке жүйесіне ұзағырақ әсер етуге итермелейді. Кейде нейромедиаторлар әрекетіне имитация жасайды. Айталық, ұзақ жыл бойы есірткіге әуес адам психостимуляция жасайтын заттар қабылдағаннан рахат сезімі пайда болмайтын болып келеді. Олар бар болғаны қатты қиналып, абстинент синдромы кезінде жағдайда жақсартуға да көмектесуі мүмкін.
Осы ретте жүйке жүйесіне дофамин бөлдіретін басқа да жолдарға тоқталайық. Кішігірім ләззатты үнемі іздей берген кезде психостимуляторларсыз-ақ жүйке жүйесіне дофамин енгізуге болады. Мәселен, әлеуметтік желіде ұнап қалған контентті көргенде, сүйікті сериалыңыздың жаңа сериясы жарыққа шығып соны қараған кезде, жаңа жоба бастағаныңызға қуанғанда пайда болады. Тіпті үйде жатып, онлайн шоппиң жасасаңыз да дофамин бөлінеді. Бір қызығы, зерттеулердің нәтижесіне қарасақ, сондай онлайн шоппиң кезінде затты рәсімдемей, жаңа ғана қарап, аламын деп ойлағанның өзінде дофамин бөлініп қояды екен. Өйткені «сатып аламын» деп қуанасыз.
Қуаныш сезімін сыйлайтын дофаминнің жақсы екенін білдік. Бірақ шамадан тыс бөлініп кетсе де зияны болатынын ұмытпау қажет. Өйткені ол адамның ойлау қабілетін төмендетеді. Дұрысырақ айтқанда, ми жұмысын баяулатады. Әлденеге концентрация жасау қиындап, бір шаруаға беріліп істей алмайтын болып кетесіз. Тез жалығасыз. Фокус жоғалады. Ал енді керісінше, ағзада дофамин жеткіліксіз болса не болады? Мұндай кезде апатия, депрессияға жол ашылады. Тіпті физикалық күш те жоғалғандай сезім билейді. Олай болатын себебі — дофамин қозғалыс белсенділігі үшін өте маңызды. Мидағы тиісті орталықтарда негізгі рөлдердің бірін атқарады. Одан қала берді дофамин — норадреналин мен адреналин сияқты басқа да нейромедиаторлардың ізашары. Сондықтан ағзада дофамин тапшы болғанда, оның бірқатар салдары қатар жүреді.
Дофамин деңгейін қалай көтереміз? Ол үшін ақуызға бай тамақ ішкен жақсы. Өйткені дофамин шақыратын бірден-бір нәрсе — тирозин аминқышқылы. Оған қоса, дофаминді көбейту үшін C және D дәрумендерін, ішек микрофлорасын реттеуге көмектесетін пробиотиктерді, L-теанин, L-дофа сынды протеиногендік емес аминқышқылдар ішуге болады. Куркума, шафран, балық сияқты омега-3 майлы қышқылдары бар тамақ ішсе де ағзаға өте пайдалы.
Қандай практикалар жасауға болады?
Әр адам өзіне не нәрсенің ләззат сыйлайтынын, не нәрсе бейнет әкелетінін жақсы түсінуі керек. Осы нәрсе өте маңызды. Айталық, өзіңізді жақсырақ ұғу үшін кейінгі бір аптаны алыңыз да, соны талдап көріңіз. Не нәрседен ләззат алдыңыз? Не нәрсе жаман әсер етті? Сондай екі тізім жасаңыз. Одан соң болып жатқан оқиғаларға қандай реакция білдіретініңізді бақылап, саналы түрде әрекет етуге дағдыланыңыз. Сол арқылы сіз барынша қуанышты көбірек сезініп, уайым-қайғыны азайта аласыз. Қандай әрекетті көбірек, қайсысын керісінше азырақ істеген абзал екенін түсінесіз. Бәлкім, жаңа нәрсемен айналыса бастауыңыз керек болар? Болмаса, үнемі дағдыланған әлдебір әдеттен бас тарту керек шығар?
Сонымен бірге болашақта сізге рахат сыйлауы мүмкін әрекеттер мен дүниелердің тізімін жасап шығыңыз. Неден ләззат алар едіңіз? Сол нәрсе болуы үшін не істеу керек? Үнемі алдын-ала ойластырып үйреніңіз. Мысалы жұмысты есеп жасауыңыз керек. Егер ойламай, жасамай жүре берсеңіз, мидағы мазасыздықты ұмытқандай күй кешіп жүре беруіңіз мүмкін. Қағаз жұмыстан да босайтын боларсыз. Әйтсе де, оның салдары бәрібір күндердің күні алдыңыздан шығады. Сыйақы бермей қойса не одан да көп жұмысты мойныңызға ілсе, күйзелістің көкесі болады. Көбіне біздің алдымызда екі түрлі жол тұрады: сол сәтте қиналу не кейінірек рахатын көру, болмаса сол сәтте ләззат сезініп, салдары кейінірек сезіну дегендей. Олай болса, гедонизмге сүйенген өмір сүру үшін мына үш қадам арқылы реттеуге болады:
- Сізге нақты не нәрсе қуаныш сыйлап, не нәрсе уайымға түсіретінін білуіңіз керек;
- Әлі айналысып көрмеген қай іс сізге алдағы уақытта қуаныш сыйлауы мүмкін екенін анықтап алыңыз;
- Қуанышты барынша көбейтіп, қайғыны мейлінше азайтатын әрекеттердің тізімін жасап, бағдарлама әзірлеңіз.
Гедонизмді өмір салтына толықтай айналдырамын деп тыраштанбай, жай ғана жақсарту үшін қоссаңыз болады. Аз-аздан қосып көріңіз. Қолдан келмесе, онда тұрған ештеңе жоқ. Іске сәт!