Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: Nvidia Apple-ды басып озды, Netflix Tesla-ның орнын басады, Қытай өнеркәсібі төмендеді

Фото: shutterstock

Қытайдың өнеркәсіп секторының пайдасы төмендеп келеді. Бұған елдегі дефляцияның әсері бар. Әртүрлі активтердің дәстүрлі түзетулері енді жұмыс істемейді. Ал Netflix «Таңдаулы жетілік» құрамындағы Tesla-ны алмастыруы мүмкін. Осы және өзге де тақырыптар туралы демалыс күндеріне арналған әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Nvidia Apple-ды басып озды: одан әрі не болмақ?

Өткен жұма, 25 қазанда Nvidia Apple-ды әлемдегі ең қымбат компаниялар тізімінен ығыстырып шығарды. LSEG мәліметтері бойынша, Nvidia акцияларының нарықтық құны қысқа уақыт ішінде 3,53 трлн долларға жетіп, Apple көрсеткішінен (3,52 трлн доллар) асып түсті. Маусым айында чип өндіруші шарықтау шыңына жеткен-ді, бірақ кейіннен көшбасшылық орнынан айырылды. Reuters осы жолы Nvidia-ның бұл мәртебені қанша уақыт сақтай алатынын анықтауға тырысты.

Қазан айында компанияның акциялары 18%-ға өсті, ал 2024 жылдың басынан бері шамамен 190%-ға артты. «Күнделікті тапсырмаларында жасанды интеллектіні пайдаланатын компаниялар саны көбейіп келеді және Nvidia чиптеріне сұраныс жоғары болып тұр», – деді AJ Bell компаниясының инвестициялық директоры Расс Молд. Оның айтуынша, ЖИ секторындағы инвестициялар жалғасады, бұл Nvidia үшін қолайлы жағдай жасайды.

Ал Apple жаңа модельдегі смартфондарына сұраныстың әлсіздігіне тап болып отыр. Қытайдағы iPhone сатылымдары үшінші тоқсанда 0,3%-ға төмендесе, Huawei көрсеткіштері 42%-ға өсті. Мұндай жағдайда Nvidia әлемдегі ең қымбат компаниялар тізімінде көшбасшылық орнын нығайтуға мүмкіндігі бар.

Netflix «Таңдаулы жетілік» құрамындағы Tesla-ны алмастыруы мүмкін

Tesla-ның табысы туралы оң есепке қарамастан, компанияның АҚШ-тың ең табысты ірі технологиялық компанияларының «Таңдаулы жетілігінде» қалу-қалмауы әлі күмәнді деп хабарлады Yahoo Finance. Tesla-ның үшінші тоқсандағы табысы екі тоқсандық құлдыраудан кейін 17%-ға өсті. Бірақ бұл Уолл-стритке жеткіліксіз.

Freedom Capital Markets-тің бас жаһандық стратегі Джей Вудс Tesla-ны биткоинмен салыстырып, акциялардың көбі «үміттер мен армандарға» негізделіп саудаланатынын айтты: «Tesla-ның өз жұлдызды сәті болды… Бірақ қазір ол дотком көпіршігі кезіндегі Cisco немесе Intel секілді».

Bloomberg деректері бойынша, 25 қазанға дейін Tesla қызметін бақылайтын талдаушылардың небәрі 40%-дан астамы акцияларға «Сатып алу» рейтингін берген. Бұл «Таңдаулы жетілік» ішіндегі компания акцияларын қызықсыз етті. Оны алмастырушы ретінде Wealth Enhancement Group сарапшысы Аяко Ёсиока Netflix-ті ұсынады. Биыл бұл қызметтің акциялары 55%-ға өсті, тек Nvidia мен Meta-дан ғана төмен тұр.

Қытайдағы өнеркәсіп секторының пайдасы дефляция салдарынан төмендеп келеді

Қытайдың өнеркәсіптік кәсіпорындарының қыркүйек айындағы пайдасы 27,1%-ға төмендеді, ал тамызда бұл көрсеткіш 17,8%-ға кеміген еді. Бұл деректер жексенбі, 27 қазан күні жарияланған Ұлттық статистика бюросының мәліметтерінен алынған. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда, пайда 3,5%-ға азайған.

Bloomberg мәліметіне сүйенсек, бұл әлемдегі екінші ірі экономикада мәселелердің күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Жалғыз ерекшелік ретінде жоғары технологиялар секторы аталып отыр. Бұл салада алғашқы тоғыз айда пайда 6,3%-ға өскен. Алайда жалпы жағдай алаңдатарлық күйде. Себебі пайда дефляцияның тереңдеуі мен үшінші тоқсандағы экономикалық өсудің баяулауы аясында құлдырап барады.

4-8 қараша аралығында Бейжіңде Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитетінің сессиясы өтеді. Онда инвесторлар экономикалық өсуді жандандыруға арналған фискалдық ынталандыру шаралары мақұлданады деп күтіп отыр.

Нарықтағы дәстүрлі түзетулер жұмыс істемейді

Акциялар, облигациялар, алтын және АҚШ доллары арасындағы орташа деректер, қатынастар және заңдылықтар өзгеріске ұшырап жатыр. Market Watch мәліметінше, талдаушылар активтер арасындағы өзара байланыстың неліктен бұзылғанын нақты түсіндіре алмай отыр.

Мысалы, 2024 жылы алтын да, S&P 500 индексі де жылдам өсуді бастан өткерді. Әдетте алтынға инвестициялар нарық құлдырағанда өседі – бұл қорғаныс активі ретінде дәстүрлі түрде геосаяси немесе қаржылық дағдарыс кезінде артады.

2024 жылдың басынан бастап S&P 500 шамамен 22%-ға өсті, ал SPDR Gold Shares ETF GLD (алтын бағасын қадағалайтын танымал қор) 30%-дан астамға артты. Cambria Funds негізін қалаушы Меб Фабердің айтуынша, тарихта ешқашан S&P 500 мен алтын осыншама синхронды және бір уақытта өспеген.

Сонымен қатар, қазан айында тағы бір түзету бұзылды – бағалы металдарға баға АҚШ долларының күшеюі мен қазынашылық облигациялар кірістілігінің артуына қарамастан өсе берді. Бұрын доллар мен алтын арасында кері сауда байланысы болатын, деп хабарлады FactSet талдауы.

Облигациялар нарығында да бірқатар ерекшелік байқалып отыр: ФРЖ мөлшерлемесін төмендеткеніне қарамастан, қазынашылық облигациялар кірістілігі артуда. Алайда Уолл-стриттің «қорқыныш индикаторы» ретінде танымал Cboe VIX индексының S&P 500 рекордтық көрсеткіштері аясында аномалды өсуі түсініксіз болып отыр. Бұл құбылыс өте сирек кездеседі. Capital Economics сарапшылары нарықтағы тұрақсыздық бірнеше фактордың үйлесуімен байланысты деп болжайды: АҚШ-тағы сайлау, геосаяси күйзелістер және инфляция толқынының түбегейлі басылғанына сенімсіз