Жаңалықтар

Байбазаров кетіп, Вонг келді: «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесінің құрамы өзгерді

Фото: primeminister.kz, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. Кеңес құрамынан Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров шығарылып, оның орнына Хэн Файн Вонг келді.

Жалғыз акционердің шешімі 19 қазанда шыққанымен, хабарлама Қазақстан қор биржасына 28 қазанда орналастырылған. Қазір қордың директорлар кеңесі 7 адамнан тұрады: Олжас Бектенов, Болат Жәмішев, Лука Сутера, Вонг Хэн Файн, Нұрлан Жақыпов, Ерұлан Жамаубаев және Мохаммед Джамиль Аль Рамахи.

Директорлар кеңесіне кірген Вонг – Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы. Сонымен қатар «Алатау – ақылды қала» жобасының бас кеңесшісі болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вонгпен қыркүйектің ортасында кездесіп, қаланы дамыту мәселесін талқылады. Қаланың бас жоспары сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесіп әзірленген.

Байбазаров қордың директорлар кеңесінің құрамына 2024 жылдың ақпан айында келген болатын. Дәл осы кезде Әлібек Қуантыровтың орнына Ұлттық экономика министрі болып тағайындалған.

«Самұрық-Қазына» қоры 2008 жылы құрылған. Жалғыз акционері – ҚР Үкіметі. 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында қордың таза пайдасы 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,6%-ға өсіп, 1,43 трлн теңгені құрады. Екінші тоқсандағы табысы 25%-ға немесе 726,8 млрд теңгеге дейін өскен.

Қор жалғыз акционеріне 2023 жылғы бөлінбеген пайдасынан 415,3 миллиард теңге дивиденд төлеген.