KASE мен AIX-тың құрылымы мен қызметі әзірге өзгеріссіз қалады – Ұлттық банк
Қазіргі жағдайда Қазақстанның қос қор биржасы – Қазақстан қор биржасы (KASE) мен Астана халықаралық биржасының (AIX) құрылымы мен қызметі өзгеріссіз қалады. Бұл туралы KursivMedia-ның ресми сауалына Ұлттық банктің берген жауабында жазылған.
2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі сауда алаңын біріктіру мәселесін қарастыруды тапсырған болатын.
ҰБ Монетарлық операциялар департаменті директорының міндетін атқарушы Батур Вахидовтың қолы қойылған жауапта:
«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің монетарлық операциялар департаменті KASE және AIX бірігуіне қатысты өтінішіңізді қарап, ағымдағы жағдайлар шеңберінде Қазақстанның қор биржаларының құрылымы мен функционалы өзгеріссіз қалатынын хабарлайды», – делінген.
KASE мен AIX-ті біріктіру мәселесі
Қос биржаны біріктіру идеясы 2023 жылғы қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында көтерілген болатын. Президент екі биржаның қызметі бір-бірін қайталайтынын және өзара бәсекелесетінін атап өтіп, оларды біріктіруді ұсынды. Ол салыстырмалы түрде шағын қор нарығында екі сауда алаңы жұмыс істеуі артық екенін атап өткен.
2023 жылдың күзінде арнайы мақсатта жұмыс тобы құрылып, сарапшылар екі жолмен біріктіруге болатынын айтқан. Биыл көктемде екі биржаны біріктіру жобасы Президент әкімшілігіне жолданғанымен, оның мән-жайы ашық жарияланбады.
Ал шілде айында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстан қор биржасы бұрынғы акционері – Мәскеу қор биржасына (MOEX ) санкция салынғандықтан, қор биржаны біріктіру мүмкін емес екенін, бұл мәселе уақытша тоқтап тұрғанын мәлімдеді. Маусым айында АҚШ-тың санкциясына ұшыраған Мәскеу қор биржасы KASE-нің 13,1% акциясына иелік ететін еді.
АҚШ Мәскеу қор биржасына санкция салған соң, MOEX-тің Қазақстан қор биржасы акционерлері қатарынан шығуы туралы мәселе көтерілген. Өйткені қор акционерлерінің біріне санкция салыну KASE-де айырбастау мен жеке төлемдер қызметіне қауіп төндірді.
Алайда қазанда MOEX өзіне тиесілі үлесті ресейлік «Тетис Кэпитал» және «Баланс Эссет Менеджмент» деген компанияларға сатқаны белгілі болды. Олар жабық инвестициялық пай қорларын басқарады.
KASE Төрағасы Алина Алдамберген Қазақстан заңнамасына сәйкес, осы үлесті сатып алған компаниялардың түпкі иесі туралы ақпарат сұрататындарын хабарлады.