Жаңалықтар

Мұнай қоры сарқылып барады: «ҚазМұнайГаз» бен Қытайдың CNPC компаниясы Қызылорда облысында мұнай іздеуді күшейтпек

Қазақстан мұнайы
Фото: shutterstock

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен қытайлық CNPC Қызылорда облысында мұнай барлау жұмысын күшейтпек. Өйткені облыстың ірі кен орындарындағы мұнай қоры сарқылып барады.

Мәселен, 2013 жылы облыста 11 млн тонна мұнай өндірілсе, 10 жылдан кейін жылына бар-жоғы 4 млн тоннна мұнай шығарылған. Ал 2024 жылы өндіріс 3%-ға азайып, 3,6 млн тоннаны құрайды деген болжам бар.

Осы себепті «ҚазМұнайГаз» CNPC-мен бірге өңірдегі геологиялық барлауды күшейтіп, жаңа кен орындарын ашу, қорды толықтыру және жаңа технологияларды енгізуге бағытталған жұмыстарды қолға алмақ.

Семинарда ҚМГ төрағасы Асхат Хасенов Оңтүстік Торғай мұнай-газ атырабының әлеуеті зор екенін, бірақ оның терең зерттеуді талап ететінін айтқан.

Оңтүстік Торғай бассейнінде 3,2 млрд тоннадан астам қор бар деп болжанып отыр. Бұл көмірсутек қорларын толықтыру үшін толық ауқымды геологиялық барлау мен халықаралық әріптестік арқылы жаңа технологияларды қолдану қажет.

«Оңтүстік Торғай мұнайлы-газды атырабы – геологиялық барлау жүргізу үшін жаңа әрі перспективалы, зерттеу мен инновациялық тәсілді талап ететін өңірлердің бірі. Палеозой шөгінділерінің терең қабаттарын зерттеу арқылы көмірсутек қорын толықтыру – біздің басты міндетіміз. Бұл – тығыз ынтымақтастық пен озық технологияларды талап ететін күрделі, бірақ орындауға болатын жұмыс», — деп атап өтті.

Геологиялық барлау ауқымын Солтүстік Торғай, Шу-Сарысу және Сырдария сияқты аз зерттелген бассейндерге дейін кеңейту жоспарланып отыр.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы биыл мамыр айында компания Торғай аймағында 5 500 метр тереңдікте бұрғылау жұмысын бастаған. Бұған дейін бұл аймақта дәл осындай тереңдікте бұрғылау жұмысы жүргізілмеген.

Сонымен қатар, семинар аясында ҚМГ мен CNODC (CNPC еншілес компаниясы) құпиялылық туралы шартқа және Каспий маңы бассейнінің шығыс борт учаскесінің геологиялық барлау әлеуетін бірлесіп зерттеу жоспарына қол қойған.