Грузия президенті Саломе Зурабишвили мен оппозиция партия 26 қазанда өткен Парламент сайлауының нәтижесін мойындаудан бас тартты.
Оппозиция өкілдері жиналған брифингте президент дауыс беруді «толығымен бұрмаланған» деп мәлімдеді.
«Сайлау нәтижесін мойындау мүмкін емес. Бұл Ресейдің елімізге келгенін мойындаумен, Грузияның Ресейге бағынуымен тең. Біздің ата-бабамыз бұл үшін күрескен жоқ. Біз нәтижені мойындамаймыз», – деді ол.
Зурабишвили грузиндерді 28 қазанда Тбилисидің орталығындағы Руставели даңғылындағы сайлауға қарсы демонстрацияға шығуға шақырды. Бірнеше оппозициялық партиялар мен түрмеде отырған бұрынғы президент Михаил Саакашвили де грузиндерді көшеге шығуға шақырды.
ЕуроОдақ сайлаудың кезінде жасалған құқық бұзушылықтарға қатысты тергеу жүргізуге шақырды.
«Грузияның Орталық сайлау комиссиясын және басқа да тиісті органдарды сайлаудағы құқық бұзушылықтарды жедел, ашық және тәуелсіз тергеу жасауға шақырамыз», – деді ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель.
Айта кетейік, 27 қазанда елдің Орталық саула комиссиясы саяси науқан нәтижесін жария еткен. Ол бойынша Ресей қолдауына ие деп айыпталатын әрі елдің ЕуроОдаққа кіруіне қарсы «Грузин арманы» партиясы 53,92% дауыс жинап, жеңіске жеткен. Елдегі төрт негізгі оппозициялық партия сайлау қорытындысын мойындамады. Оның екеуі парламент жұмысына қатысудан бас тартты.