Алматы облысы Талғар ауданындағы Шерзат Болаттың өліміне байланысты тергеуде тағы бір қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауабында Ішкі істер министрі Ержан Саденов жазған.
Министрдің жауабына сүйенсек, 5-қылмыстық іс 432-бап бойынша ашылған. Яғни «қылмысты жасырып қалу» фактісі тергеліп жатыр. Бұл факт бойынша кімнің үстінен іс қозғалғаны туралы ақпарат берілмеген.
Сонымен қатар, жауапта осы іске байланысты кісі өлтірді деген күдікпен 8 адам және қылмыс туралы хабарламау фактісімен 3 адам сот санкциясымен қамауға алынғанын атап өткен.
«Тергеу жалғасуда, оның барысында оқиға болған жерде болған басқа да адамдардың қатыстылығы тексеріліп, әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады», – делінген министр жауабында.
Айта кетейік, осыған дейін прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің өкілдері өткізген брифинг кезінде төрт факт бойынша іс тіркелгені айтылған еді: «Бұзақылық», «Қорқыту», «Адам өлтіру» және «Қылмыс туралы хабар бермеу».