«Талибан» жанындағы министрлердің бірі Ауғанстан әйелдеріне Құранды дауыстап оқып, басқа әйелдермен «көпшілік алдында» сөйлесуге тыйым салды. «Талибан» әйелдер бір-бірінің дауысын естімеуі керек деп есептейді.
BILD басылымының ақпаратына сүйенсек, «Талибан» жанындағы ізгілік министрі Халид Ханафи Ауғанстан әйелдеріне бір-бірімен «қоғамдық орындарда» сөйлесуге тыйым салған. Бұған дейін әйелдерге ер азаматтармен сөйлесуге тыйым салынған.
«Оның мәлімдемесіне сәйкес, әйелдің дауысын өзге әйелдер естемес үшін дауыстап сөйлеуге тыйым салынады. Әйелдер басқа әйелдердің жанында Құранды дауыстап оқудан бас тартуы керек», – деп жазған басылым.
Бұдан бөлек, әйел дәрігерлер мен медбикелерге науқастардың отбасы мүшелерімен сөйлесуге болмайды.
Осыған дейін қыркүйек айында Канада, Ацстралия, Нидерланды және Германия Гаагадағы БҰҰ Халықаралық сотына «Талибанды» сотқа бергенін жазған едік. Тергеу «Талибан» әйел құқығын шектеді деген айыппен басталған. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясында жария болған.