Қазақстанның бірқатар аймақтарында жаңбыр мен қар жауады: қысқы дөңгелекті қалай таңдаған дұрыс?

Жарияланды 28 Қазан 2024 15:34

(жаңартылды 28 Қазан 2024 16:18)
Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
1 желтоқсанға дейін көлік дөңгелектерін ауыстыру қажет / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанның бірқатар аймақтарында жаңбыр мен қар жауады. Сондықтан Ішкі істер министрлігі автокөлік жүргізушілеріне темір тұлпарды 1 желтоқсанға дейін қысқы маусымға дайындау қажеттігі туралы ескерткен болатын. Ал заңнамаға сәйкес қыс мезгіліне дейін көлік дөңгелегін ауыстырмайтын автокөлік иелеріне айыппұл салынады. Бұл ретте қысқы шинаны қалай таңдаған дұрыс? Оның қандай түрлері бар? «Курсив» тілшісі зерттеп көрді.

Жазғы шиналар мен қысқының айырмашылығы неде?

Жазғы дөңгелектер құрамы -5℃ температурада өз қасиеттерін айтарлықтай өзгертеді. Көлік жүргізу ғана емес, тіпті жай оталдыру немесе тежеу ​​қиын болады. Осылайша күн суытқанда жаздық дөңгелектермен жүрудің өзі қауіпті. Сондықтан біздің елде дөңгелектерді ауыстыру қажеттілік. Өйткені бұл күн суытқанда, барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалғыз жолы.

Автокөлікті қысқы шиналарға қашан ауыстыру керек?

Заң бойынша 1 желтоқсанға дейін қысқы маусымға дайындықты бастау қажет. Олай болмаса айыппұл салынады. Бұл айыппұлдың ең төменгі мөлшері — 5 АЕК, егер бір жыл ішінде жүргізуші осындай заңбұзушылықты қайта жасаса, онда айыппұл 10 АЕК-ке дейін артады.

Авто сарапшылардың айтуынша, ең дұрысы ережеге сай ауыстыру. Ол ауа температурасы +7℃-дан төмен түскенде және бұл ауа райы кем дегенде бір аптадан аса жалғасса, бірден шина ауыстыра беруге болады.

Қысқа қарай дөңгелек бағасы күрт өседі

Әлбетте автокөлік иесі қандай қысқы шиналарды таңдауға болатынын ерте ойлап, жаз бен күзде қамданғаны дұрыс. Себебі қысқа қарай дөңгелек бағасы күрт өседі. Бұл нарық заңы – маусымдық құбылыс.

Осы ретте қысқы шиналардың қандай түрлері бар? Оларды бірнеше топқа бөлуге болады:

  • M+S – қар мен батпаққа арналған. Бұл автокөлік иелері үшін ең жақсы нұсқа;
  • W + қар суреті салынған қысқы шиналар;
  • R+W (жаз+ қыс), әмбебап өнім.

Қысқы шиналардың түрлері

Шиналарды таңдамас бұрын оның түрлері туралы біліп алу алу керек.

Олар:

  1. Скандинавиялық. Мұнда протектор шахмат үлгісіндегі ромбтардан тұрады. Шиналардың бұл түрі қыс кезінде өте қолайлы.
  2. Еуропалық. Мұнда протектор үлгісі шырша түрінде жасалған. Қысқы шиналардың бұл түрі жаңбыр мен қар қатар жауатын еуропалық қыс үшін оңтайлы.
  3. Шегелі (шипы) түрлері мұзды немесе қарлы жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Қысқы шиналарға арналған шегелердің түрлері де әртүрлі болуы мүмкін (формасы, өндіріс материалы). Бұл шиналар қарлы немесе мұзды жолдарда сапарларға негізделген.
  4. Жабысқақ (липучка) дөңгелектер қала жолдарына арналған. Егер алыс сапарларға шықпасаңыз, шегелі дөңгелекке қарағанда осыларға басымдық берген абзал.

Автокөлікке қысқы шиналарды қалай таңдау керек?

Дөңгелек таңдар кезде шиналар түрінен басқа да факторларды ескеру қажет. Атап айтқанда:

  • Өндірілген күні. Сарапшылардың айтуынша, тауардың жасалғанына екі-үш жылдан аса уақыт өтпеуі керек. Себебі екі-үш жылдан кейін өнімділік қасиеттері нашарлай бастайды.
  • Шинаның өлшемі. Автокөлік өндіруші берген ұсыныстарды орындаған дұрыс. Тым үлкен немесе тым кішкентай шиналарды сатып алуға болмайды.
  • Жүктеме және жылдамдық индекстері. Олар шиналар сатып алынатын көлік түріне байланысты.
  • Бағасы. Тым арзан шиналарды сатып алмаған абзал. Олардың сапасы көңіл көншітпеуі мүмкін. Дегенмен ең қымбатын да таңдаудың қажеті жоқ. Құны мен сапаның оңтайлы үйлесімі бар қысқы шиналарды таңдаған дұрыс.
  • Шиналардың сыртқы түріне де мән беру маңызды. Егер олар қоймада дұрыс сақталмаса, деформацияланса, қыста жолда жақсы тартымдылық пен қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ете алмайды.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік саны 5 473 711-ге дейін жетті. Оның ішінде 88%-ы – жеңіл көлік.

Сондай-ақ оқыңыз