Банк пен қаржы

Freedom Broker сарапшылары Kaspi.kz акцияларын сатып алуды ұсынды

Freedom Broker сарапшылары Kaspi.kz акцияларын сатып алуды ұсынды
Kaspi.kz құнды қағаздары қымбаттай ма? / Архив: kursiv.media

Kaspi.kz қаржы есебін жариялағаннан кейін, Freedom Broker сарапшылары компания бағалы қағаздарына қатысты болжамын жаңартты.

Финтех холдинг соңғы қаржы есебінде кіріс пен таза пайдасын айтарлықтай арттырғанын жариялады. 2024 жылдың тоғыз айында компанияның кірісі 34%-ға өсіп, 1,8 трлн теңгені құраса, таза табысы 23%-ға өсіп, 740 млрд теңгеге жеткен.

«Қазіргі бағадан өсу әлеуеті 22%-ды құрайды. Біз компания құнды қағаздарын сатып алуды ұсынамыз», – деп хабарлады брокер.

Бұған дейін мамандар аталған компания акцияларын сатып алмай, сатып та жібермей қолда ұстауды ұсынған еді.

Айта кететіні, 21 қазан қазақстандық финтех акциялары NASDAQ биржасында 8,32%-ға өскен еді. Оған компанияның III тоқсандағы қаржы көрсеткіштері мен Түркияның ірі маркетплейсі – Hepsiburada-ны сатып алатыны туралы жаңалық әсер еткен болатын.

18 қазан күні қос тарап маркеплейстің 65% акциясын сату-сатып алу туралы мәмілеге қол қойғаны хабарланған.  

Айта кететіні, Kaspi.kz-тің ірі акционерлері – Baring Vostok қорлары (23,78%), Михаил Ломтадзе (21,53%) және Вячеслав Ким (20,39%). Компанияның акциялары KASE-де, ал депозитарлық акциялары NASDAQ-да саудаланады.