Lifestyle

Қазақстандағы ең сұранысқа ие көліктер тізімі жарияланды: Toyota сатылымы төмендеп, Chevrolet саудасы артты

Ең сұранысқа ие көліктер тізімінде қандай маркалар бар? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Қазақстанның Автокөлік Одағы» қыркүйекте ең көп сатылған көліктер тізімін жариялады. Күздің алғашқы айында ел аумағында ресми дилерлер 17 888 жаңа жеңіл және коммерциялық автомобиль сатқан. Бұл тамыз айымен салыстырғанда 0,4% жоғары көрсеткіш. Осылайша қаңтар-қыркүйекте жалпы саны 137 106 автомобиль саудаланған.

Қазақстан автонарығында ең сұранысқа ие болған автокөлік брендтері қандай?

2024 жылғы қыркүйекте әдеттегідей Hyundai (4 218 бірлік, 2024 жылдың тамызымен салыстырғанда -3,4%) маркасы оқ бойы озық. Одан кейінгі орында 3 027 бірлік авто сатылған Chevrolet (+26%) маркасы тұр. Үшінші орында Kia-ны байқауға болады. 1 953 өндіруші (+18,7%) авто сатты. Бұл тізімде Chery (1 324), Toyota (965), Haval (883 бірл), Geely (750), Jac (747), Jetour (705) мен Changan (577) да бар.

Айта кететіні, Toyota-ның саудасы өткен айда бәсеңдеген, көрсеткіш 5%-дан аса төмендеді.

Ал темір тұлпар модельдері бойынша …

Қыркүйекте ең сұранысқа ие көлік модельдерінің қатары өзгерді. Бұл жолы Chevrolet Cobalt (2517 бірлік) сатылым бойынша көш бастады. Одан кейінгі орында Hyundai Tucson (1 780 бірлік). Үшінші орында сатылымы бойынша Hyundai Elantra (700 бірлік) түйіндеді. Төртінші орында Hyundai Santa Fe (594 бірлік) кроссовері. Ал Kia Sportage (551 бірлік) топ бестікті қорытындылап отыр.

Тоғыз ай қорытындысы қандай?

Қазақстан нарығында Hyundai (31 214) үлесі 22,8%-ға жеткен. Оның жолын Kia қуды. Диллер 17 058 көлік сатқан. Ал бағасы жағынан тартымды Chevrolet 15 780 бірлік авто саудалап, үшінші орынға тұрақтады. Қытайлық бренд Chery-де артта қалған жоқ. 10 591 кроссовер мен седан саудалады. Бесінші сатыға Jac жайғасты (8 106).  Ал жапондық Toyota (7 403) үздік бестіктен шығып, алыншы сатыға тұрақтады. Ондықтан Haval (6 892) мен Jetour (6 530), Changan (6 116) мен Geely-ді де (5 607) байқауға болады.

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Еске сала кетсек, бұған дейін «Курсив» тілшісі қысқы дөңгелектер таңдау бойынша нұсқаулық әзірлеген. Ішкі істер министрлігі автокөлік жүргізушілеріне темір тұлпарды 1 желтоқсанға дейін қысқы маусымға дайындау қажеттігі туралы ескерткен еді, талапты орындамағандарға айыппұл салынады.

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша елде 5 473 711 автокөлік тіркелді. Оның ішінде 88%-ы – жеңіл көлік бар.