2024 жылдың қаңтар-қыркүйегінде қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының таза инвестициялық кірісі шамамен 2,09 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 716,3 млрд теңге немесе 52,3%-ға жоғары.
Міндетті жарналар есебінен 2,08 трлн теңге кіріс түсті
Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен салымшылар мен алушыларға 2,08 трлн теңге мөлшерінде инвестициялық кіріс түсті. Жарналардың жалпы сомасы 1,85 трлн теңгеден асты.
2024 жылдан бастап жұмыс беруші аударатын міндетті зейнетақы жарналары бойынша таза инвестициялық кіріс 9,06 млрд теңгеге жетті. Жарналардың бұл түрінен қалыптасқан жинақ көлемі – 160,6 млрд теңге шамасында.
Инфляцияны ескергендегі кіріс қанша?
2024 жылдың қаңтар-қыркүйегінде БЖЗҚ-дағы ҚР Ұлттық банкі басқаратын зейнетақы активтерінің кірістілігі осы кезеңдегі инфляция 5,7% болған кезде 11,22%-ды құрады. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ның жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінің кірістілігі – 8,87% болды.
Қордың зейнетақы активтерінің соңғы 12 айдағы кірістілігін қарастырсақ, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша инфляция 8,3% құрағанда ол 12,47%-ды құрады.
Еске сала кетсек, Үкімет 2025 жылы елдегі зейнетақы мөлшерін 8,5%-ға арттыруды жоспарлап отыр. Қазақстандықтар зейнетақы жинағынан алатын ақшаның 40%-ын ипотекаға жұмсаған.