Алматының бейнемониторинг жүйесіне 45 мың камера қосылды. Бұл туралы қаланың цифрландыру басқармасы мен әкімдіктің жобалық кеңсесі мәлімдеді.
Басқарманың мәліметінше, ББЖ жобасының басты мақсаты – қаладағы барлық бейнебақылау камераларын бір платформаға біріктіру. Бұл мүмкіндік бейнеағындарды түрлі тапсырмаларға тиімді түрде пайдалануға және нақты уақыт режимінде бейне талдау жүргізуге арналған.
Бейне талдау түтін, от, заттар, табиғи және техногендік төтенше жағдайларды, киім, жыныс және бет-әлпетті тану сияқты аспектілер негізінде жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта 603 мемлекеттік және 906 жеке нысанның бейнеағындарын ББЖ-ға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы бірыңғай бейнемониторинг жүйесіне 45 мың камера қосылды. Биылғы жылдың екінші тоқсанда «Сергек» зияткерлік қауіпсіздік жүйесіне 300 жаңа аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды.
Сонымен қатар қалада 9034 камерадан тұратын 1641 «Сергек» кешені жұмыс істеп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін әскердегі қауіпсіздікті бақылау үшін Қорғаныс министрлігі ақылды камералар орнатуды жоспарлаған. Бұл әскердегі түрлі келеңсіз оқиғаларды азайтуға айтарлықтай септігін тигізеді.