Lifestyle

Қазақстандық палуан Ризабек Айтмұхан үш дүркін әлем чемпионы атанды

Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы / фото: olympic.kz

Қазақстандық 20 жастағы еркін стильдегі балуан Ризабек Айтмұхан Албанияның Тирана қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында (23 жасқа дейін) жеңіске жетті. Ол финалдық бәсекеде ирандық Махди Морафамен кездесіп, 97 килограмм салмақта бақ сынады.

Күрес бастала салып, алғашқы ұпайды Морафа иеленді. Алайда Айтмұхан тез арада есепті теңестіріп, алғашқы кезеңнің соңына дейін әрқайсысы бір-бір ұпайдан иеленді. Екінші кезеңді белсенді бастаған қазақ балуаны, қысқа уақытта 6:2 есебімен алға шықты.

Ризабек Айтмұхан кездесуде толық басым болып, есепті 11:4-ке дейін жеткізді. Соңғы минуттарда Морафа тағы екі балл алды, бірақ бұл Айтмұханның жеңісіне әсер еткен жоқ. Нәтижесінде Ризабек Айтмұхан финалдық кездесуді 11:6 есебімен жеңіп, 23 жасқа дейінгі әлем чемпионы атанды.

Айта кетейік, Ризaбек бұған дейін 8 қыркүйекте 20 жасқа дейінгі әлем чемпионатында да жеңімпаз атанған еді. Өткен жылы 92 килограмм салмақта ересектер арасында Қазақстаннан шыққан алғашқы әлем чемпионы болды. Яғни 1,5 жыл ішінде Айтмұхан үш түрлі жас санаты мен екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атағына ие болды.

Дегенмен Ризaбек Айтмұхан Парижде өткен олимпиада ойындарына қатыспады. 97 килограмм салмақта ол ішкі іріктеуде Алишер Ергалиға жеңілді.

Еске сала кетейік, спортшы әлем чемпионатының алдында жеке өміріне де уақыт тауып, сүйіктісіне ұсыныс жасағаны туралы жазған едік.