Жаңалықтар

Бектеновтен ескерту естіген Бөлекпаев Саран қаласының әкімі мен бірқатар шенеуніктерге қатаң сөгіс жариялады

Саран қаласында жылу дұрыс берлімгені себепті Олжас Бектенов Ермағанбет Бөлекпаевқа ескерту жасаған болатын / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жылыту маусымына дұрыс дайындық жүргізбеген Саран қаласының әкімі Еркін Баулықовқа қатаң сөгіс жарияланды. Бұл жайлы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қатаң сөгіс алғандар қатарында Еркін Баулықовтан бөлек, Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев та бар. Сонымен бірге облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов та ескерту түрінде тәртіптік жазаға тартылған.

Шенеуніктерге қатаң сөгіс жарияланғаны туралы аппараттық кеңесте Қарағанды облысының облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев айтқан.

«Өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін, атап айтқанда, жылыту маусымына дайындықты жеткіліксіз түрде бақылағаны үшін менің бірінші орынбасарыма ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылсын. Саран қаласының әкімі мен энергетика және ТКШ басқармасының басшысына қатаң сөгіс жариялансын. Қыс мезгілінде сапалы жылумен қамтамасыз ету міндеті біз үшін басым екенін тағы да еске салғым келеді. Жұмыс тұрақты түрде жүргізілуі керек! Әр жағдай бойынша қатаң баға беріліп, жауапкершілік дәрежесі анықталады», – деген Бөлекпаев.

Қатаң сөгіс алған Саран қаласының әкімі қалада барлық жергілікті қазандықтар штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын, ЖЭО-лардың отын қорымен қамтамасыз етілгенін айтып, есеп берген.

Айта кетейік, 15 қазан күні Сарандағы жылу мәселесін бақылауға алмағаны үшін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа премьер-министр Олжас Бектенов ескерту жасаған болатын. Үкімет сағатында премьер-министр Саранның жылу беретін нысандарының дайындығы туралы жалған ақпарат берген адамдардардың барлығы жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеген.

Ал мұның алдында Қарағанды ​​облысындағы Саран қаласының тұрғындары үйлерінде жылу жоқ екенін айтып шағымданған еді. Осыған орай қала әкімі Еркін Баулықов тұрғындардан кешірім сұрап, жақын арада тұрғын үйлерге жылу беріледі деп ​уәде еткен болатын