Қазақстан ЕО-ға электромобиль аккумуляторына қажетті сирек металдарды жеткізуге ниетті
Қазақстан ЕО-ға электромобиль аккумуляторына қажетті сирек металдарды жеткізуге ниетті. Бұл жайлы Euronews телеарнасына берген сұхбатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтқан.
Министр Қазақстанның ЖІӨ-сі 270 млрд долларды құрайтынын, ал тау-кен саласындағы ЖІӨ көлемі 12-15% болатынын мәлімдеген. Бұл көрсеткіштердің алдағы уақытта көтеріле түсетінін айтқан министрлік өкілі, елдегі тау-кен өндірісі саласының қарқынды дамып, өндіріс қуаты артып жатқанын да атап өткен.
Телеарна журналисі Еуропаның Қытайда өндірілетін сирек металдарға тәуелді екенін айтқан. Еурокомиссияның мәліметі бойынша, қазіргі уақытта Еуроодақтың ауыр сирек элементтерін жеткізудегі Қытай үлесі 60%-ды құрайды.
Шарлапаев бұл орайда Қазақстанның да үлесі аз емес екенін тілге тиек еткен. Атап айтқанда, ЕО-ға жеткізілетін 30 түрлі сирек металдардың 17-18 түрі Қазақстаннан жеткізіледі.
Қазақстан қазірдің өзінде аэроғарыштық титан нарығының 20%, марганец сульфаты нарығының 10%, әлемдік бериллий жеткізілімінің 30%, рений жеткізілімінің 17% үлесіне ие.
«Біз бұл сирек кездесетін шикізат түрлерін өндіріп қана қоймаймыз, сонымен бірге өңдей аламыз»,- дейді министр.
Осы орайда журналист электромобильдер өндірісіндегі Қазақстанның рөлі туралы сұраған. Министр бұл күрделі сұраққа жауап беру үшін электр көліктерінің аккумуляторына қатысты бірқатар мәселелерді шешу қажет екенін айтқан.
«Қашан да металл құрамы маңызды. Қандай бір металды аккумуляторда қолдану үшін оны технологиялық өңдеу керек. Мәселен, маргаенцті алайық. Ол LNMC аккумуляторының құрамына кіреді. Аккумулятордың өзін өндіру үшін таза марганец сульфаты керек. Біз бұл металды Қазақстанда өндіріп жатырмыз. Дәл қазіргі уақытта біз өндірістік қуатымызды арттырып, шамамен әлемдік нарықтағы үлесімізді 10%-ға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл литий аккумуляторының катодына қажетті бірінші шикізат», – дейді министр.
Сонымен бірге министр Қазақстанның фосфат өндірісіндегі артықшылықтары туралы сөз қозғаған. Шарлапаев бұл шикізат түрін тыңайтқыш ретінде өндіріп жатқанын, енді бұл элементті электромобильдер аккумуляторының шикізаты ретінде пайдалана бастайтынын жеткізген.