ЕО Ресейдің бұғатталған активтерінің 35 млрд еуросын Украинаға 45 жылға несиеге береді

Жарияланды
ЕО 35 млрд еуро көлеміндегі несиені Украинаға 45 жылға береді / Фото: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

ЕО Ресей активтерінен Украинаға 35 млрд еуро көлемінде несие беру туралы шешім қабылдады. Бұл жайлы ЕО-ның ресми сайтында жазылған.

ЕО бұл соманы несие ретінде бермек. Ал несие мерзімінің ұзақтығы 45 жылды құрайды.

«Несие көлемінің ең көп сомасы 35 млрд еуроны құрайды»,- делінген Еуропа парламентінің есебінде.

Бұл қаражат 2025 жылдан бастап бірнеше траншпен бөлінеді. Осы кезең аралығында Украинадағы жағдай біршама реттеліп, қаражат қажеттілігі төмендесе, сәйкесінше бұл сома азайтылуы мүмкін.

Сонымен бірге бұл қаражатты алу үшін Киев ЕО-ның бірнеше талаптарын орындауы керек болады. Атап айтқанда, Украина демократиялық механизмдер мен адам құқықтарын сақтау туралы шарттарды сақтауы тиіс.

«Несиені берудің алғы шарты Украинаның көппартиялы парламенттік жүйе мен заң үстемдігін қоса алғанда, тиімді демократиялық тетіктерді қолдау мен құрметтеуді жалғастыруы және адам құқықтарының, соның ішінде азшылық өкілдерінің құқықтарының сақталуына кепілдік беруі керек», – делінген ЕО есебінде.

ЕО бұл шарттардың орындалуын Еуропа Кеңесі, Венеция комиссиясы сынды құзырлы ұйымдар арқылы бақыламақшы. Егер комиссия құжатта көрсетілген талаптардың бұзылғанын анықтаса, төлемдерді дереу тоқтатуға құзыретті.

Айта кетейік, Ресей мен Украина арасында соғыс басталғалы Батыс елдері көрші елдің Орталық банкінің 260 млрд еуроға жуық ақша түріндегі активтерін бұғаттаған. Оның үштен екі бөлігі Бельгияның Euroclear халықаралық депозитарийінде сақтаулы.

Шілде айында осы Euroclear халықаралық депозитарийдің Украинаны қолдауға Ресей активтерінен түскен табыстан 1,55 млрд еуро бөлетіні хабарланған болатын. Ал Ресейдің тыйым салынған активтерінен түсетін кірісті Украинаға көмек ретінде беру туралы шешімді құзыретті орган ақпан айында қабылдаған.

Сондай-ақ оқыңыз