Жаңалықтар

ҰҚШҰ келісіміне өзгеріс енеді. Қорғаныс министрлігі әскери контингенттің ел аумағына қандай жағдайда кіретінін түсіндірді

ҰҚШҰ контингенті дағдарыс жағдайында әрекет ету механизмін жетілдіру үшін кенеттен тексеру мақсатында мүше елдердің аумағына кіргізілуі мүмкін / Фото: kursiv.media

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі ҰҚШҰ келісіміне өзгеріс енгізбекші. Оған сәйкес, ҰҚШҰ контингенті ұйымға мүше мемлекеттерге кенеттен тексеру үшін кіре алады. «Кенеттен тексеруге» қандай нысандар жатқызылатынын және тексеру қандай жағдайда жүргізілетінін нақтылау үшін KursivMedia редакциясы министрлікке сауал жолдаған болатын.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бұл өзгеріс ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мүше мемлекеттердің аумағында уақытша болуына қатысты құқықтық базаны жетілдіру мақсатында әзірленген.

«Хаттама жобасында: ҰҚШҰ-ның ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құрылымдарының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қажетті қызметтерді ұсыну бойынша ҰҚШҰ мүше мемлекеттерінің міндеттемелерін реттейтін құқықтық нормаларды жаңарту; ҰҚШҰ аясында бірлескен оқу-жаттығулар мен күтпеген тексерулерге қатысу барысында, сондай-ақ оқу-жаттығу аймағына жеткізу кезінде құрылымдарға және Құрылымдарды басқаруға қатысты жекелеген ережелерді тарату қарастырылған»,- делінген жауапта.

Ал кенеттен тексеру ҰҚШҰ-ның кез келген мүше мемлекетінің аумағында өткізілуі мүмкін. Кенеттен тексеру кезінде ҰҚШҰ контингенті екінші бір елдің аумағында ұлттық құрылымдардың олардың міндеттерін орындауға дайындығын бағалау және ықтимал кемшіліктерді анықтау мақсатында, практикалық әрекеттерді жүзеге асырады.

«Бұл тексерулер ҰҚШҰ мүше мемлекеттердің қандай да бір елінің қорғаныс мәселелеріне араласу ретінде қарастырылмайды және тек мемлекеттер контингенттерін бөлген әскери құрылымдарға қатысты өткізіледі»,- деп түсіндіреді министрлік.

Жауапта кенеттен тексеру өткізу туралы шешімді ҰҚШҰ-ның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі, яғни Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары қабылдайтыны жазылған. Мұндай тексерістер дағдарыс жағдайында әрекет ету механизмін жетілдіру үшін ұйымдастырылады.

Министрліктің мәліметінше, мұндай тексеру 2015 жылы мамырда өткізілген. Ол кезде Тәжікстан аумағында ҰҚШҰ-ның Жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің әскери контингенттерінің міндеттерін орындауға дайындығы тексерілген.

«Тексеру барысында қойылған мақсаттар орындалды, ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қолдануға қатысты ҰҚШҰ-ның дағдарысқа ден қою жүйесінің жұмыс істеу механизмі сыналды, сондай-ақ Жедел әрекет ету ұжымдық күштеріне кіретін бөлімшелер мен әскери бөлімдердің жоғары дайындық дәрежесіне келтіру мәселелері пысықталды»,- деп хабарлайды ведомство.

Сонымен бірге аяқ-асты тексеріс барысында әскери құрылымдардың дайындығы бағаланып, ықтимал кемшіліктері анықталады. Кенеттен тексеру кезінде белгілі бір құрылымның кемшіліктері анықталған жағдайда ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшыларына есеп беріледі және оларды жою бойынша тиісті ұсыныс жіберіледі.

Айта кетейік, ҰҚШҰ әскері Қазақстанға «кенеттен тексеру» үшін кіре алатыны туралы «Курсив» жазған болатын.